Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  95


Автор: Нұрлан Оразалин

ЖАҢА АЛАҢДА ЖАРАМ БАР ЖАЗЫЛМАҒАН…

«Пускай с годами стынущая кровь,
В наследнике твоем пылает вновь!»
Шекспир
***
Сезiм алаң…
Көңiл алаң…
Ой алаң…
Кеш жатамын. Таң бозынан оянам.
Жүрек атты шермендеде маза жоқ,
қалай, қайтiп ойлануды қоя алам?!
Кеткен алыс бала күнгi қиядан,
құс-пендемiз ұзап ұшқан ұядан;
Анам алыс, әкем жатқан қыр да алыс,
көкiректi кернейдi бiр күй-алаң.
Күрсiнгенде жыр тамады сиядан,
туған ауыл қол бұлғайды қиядан.
Уақыт тар…
Ағайынның зiлi көп,
бара алмаған кезiм үшiн ұялам,
өзiм үшiн ұялам.
Жарым алаң…
Арым алаң…
Үй алаң…
 
Кеткен безiп досым үшiн ұялам.
Ашынамын – арсыздарды көргенде,
басыламын – түседi еске жиi анам.
Сезiм неткен ерiк бермес күш едi?!
Көңiл төрiн күбiдейiн пiседi.
Түңiлемiн сатқындардың сөзiнен,
үгiлемiн – әкем еске түседi.
Қызыл жалын… Көкiректен тамады от.
Сөндiрердей оны менде шама жоқ.
Бәрiн, бәрiн ұмытар ма ем бiр сәтке,
бiр ғана сәт кетер ме едiм бала боп?!
Сезiм алаң…
Әнiм алаң…
Күй алаң…
Талмаусырап таң атады қиядан.
Жүрек атты шермендеде жоқ тыным,
қалай, қайтiп сезiнудi тыя алам?!.
қазан, 1987 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу