Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  103


Автор: Нұрлан Оразалин

Айлар, жылдар....

Айлар, жылдар жеткiзбейдi, зырлайды,
саған – мансап, маған, бiлсең, жыр – қайғы.
Екеумiздi алып-қашып екi жол,
ессiз күннiң елестерiн ұрлайды.
Бiрде шуақ, бiрде нөсер, жай ұрып,
қыран – сезiм томағасын қайырып
құйылады, заулайды кеп көкпенен
Уақыттың ара-жiгiн айырып.
Кеудемiздi шабыт кернеп, бақ кернеп,
жетемiз деп қара тер боп, ақ тер боп,
бiз өмiрдi айналдырдық сахнаға,
ойнаймыз деп әр қилы роль актер боп…
Бiрде сөзбен, бiрде көзбен «бүлдiрiп»,
жылатамыз, бiреулердi күлдiрiп;
жұбатамыз, бiреулердi тәрк етiп,
сұлатамыз бiреулердi «сындырып».
Бәрiн, бәрiн кештеу сезiп, кеш бiлiп,
қара төбет жатады iште кешке ұлып…
Өкiнемiз…
Өкiнгеннен не пайда?!
Ертең де үнi жатады оның естiлiп.
 
Күрес кернеп, кеудемiздi «бақ кернеп»,
озамыз деп, өстiп жүрiп, ақ тер боп,
өте шықсақ, ең ауыры сол шығар,
мына өмiрден адам емес, «актер» боп…
маусым, 1987 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу