Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  356


Автор: Нұрлан Оразалин

ЖҮЗ АҚЫН

Айқыш-ұйқыш ақ қағазды сызатын,
алаңы жоқ болдық па деп бiз әкiм?!
Ауық-ауық Ай астынан сығалап,
сана төрiн жұлмалайды жүз ақын...
Бiрi атылып арыстандай айбатты,
бiрi жұлқып жолбарыстай қайратты,
жүз ақыным жүз ғасырды қопарып,
салады кеп намысыңа қайрақты.
Тiрлiгiмнен таппағандай құнар түк,
дәуiрлерiм қарайтындай мұнартып.
Жүз ақыным – жүз толғаулы шындығым,
қадалардай жүрегiме кiнә артып.
Ой-сананы сiлкiлейдi бiр тынбай,
(iшiм – жадау, көрiнедi сыртым бай).
Жүз ақыным – қозғалардай кеудемде
ұмыт болған ата-баба жұртындай.
Жүз ақыным – кеудедегi жүз үнiм,
арқа тұтар жүз досым мен жүз iнiм.
Қайғы-шерiм…
Қуанышым…
Шаттығым…
Туған Далам…
Көрер күнiм – қызығым.
 
Жалынымен жалап өтiп бар маңын,
тiл қатардай жүз мың жылдық арманым.
Жүз ару қыз….
Лүпiлдеген жүз жүрек,
жүз жiгiттiң күткен жүйрiк тарланын…
Жүз ақыным – үзiлмейтiн жол дәйiм,
жүз ақыным – тегеурiндi қолдайын;
шамырқанып шақырардай ұлы тау,
ұлы дала, ән аңсаған көл, қайың.
Қолын бұлғап дәуiрлердiң құндағы,
шақырады сәуiрлердiң жыр бағы;
жүз ақын боп Мәңгiлiктiң майданы,
тамырларым атқақтайды қырдағы…
Айқыш-ұйқыш ақ қағазды сызатын,
алаңы жоқ болдық па деп бiз әкiм?!
Әлсiн-әлсiн күндей болып күркiреп,
көңiл төрiн ұрғылайды жүз ақын.
маусым, 1987 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу