Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  151


Автор: Нұрлан Оразалин

АҢСАУ

Мәкен Молдабайұлына
Иiсiн аңсап қарағай мен аршаның,
қонақтады кеудеме кеп барша мұң.
Мұқаңдайын Қарасазын сағынған
Бақағашты – бала күндi аңсадым,
сағыныштан, аға, қатты шаршадым.
Ескi сурет…
Естен көшкен елестер…
Көздi жұмсам, ертегiдей елестер;
Бәйбiшетас…
Қилы кезең…
Шалкөде…
Шәкiрамбал…
Аршалы сай, белестер,
Көздi жұмсам, ертегiдей елестер.
Желдi кезең… Желкiлдеген құлын шақ,
Бал күндейiн баяны мол ұрыншақ.
Айқайтастан
Қараршадан,
Шүңгiттен
тұрғандайын бiр үн сап,
жезтаңдайлы желкiлдеген құлын шақ…
Туған таудың әр атауы, әр тасы,
көз талдырар қыран-қия жартасы,
 
көздi жұмсам, қаздай қалқып, жайылар
бала күннiң жүректегi «картасы».
Қайыңдының әр бастауы, әр тасы…
Иiсiн аңсап қарағай мен аршаның,
қонақтады кеудеме кеп барша мұң.
Сөге көрмес арман қала бiздi, аға,
Ойқарағай, Омартаны аңсадым,
иiсiн иiскеп қайтайықшы аршаның…
шiлде, 1984 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу