Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  102


Автор: Нұрлан Оразалин

Көз, көңiлге....

Көз, көңiлге, кеудеге мұң үйiрiп,
езiп-жаншып жүректi мың иiрiп,
кетiспейтiн тұстарда кетiсемiз
желеу етiп көңiлдi «қыңыр иық»?!
Мөңкiгенде бас бермей ең iзгi ойың,
буырқанар сәттерде теңiздейiн –
мүләйiмсiп тұрамыз момақан боп,
сараң атап сойғандай семiз қойын.
Үздiкпейтiн жерлерде жан үздiрiп,
бiрiмiздi бiрiмiз «қарыз» қылып,
үйiп-төгiп мақтауды артық айтып,
ақиқатты жатамыз «аңыз» қылып.
Қасақана бәрiн де керi iстеймiз,
керiсетiн сәттерде керiспеймiз,
жақсылығын жақсының көре тұра,
көздi жұмып, мiз бақпай, «терiс» деймiз.
Неге?..
Неге?..
Бәрiн де керi iстеймiз,
келiсетiн тұстарда келiспеймiз?
Шындықты iздеп жүрiп-ақ, әттең, кейде
шындықтың да алдында «берiспеймiз?!»
маусым, 1983 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу