Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  103


Автор: Нұрлан Оразалин

МҰҢ КЕШУ

«Қарашада өмiр тұр…»
Абай


Ала құйын кеудемде мұң бар менiң,
Алатаудың қозғардай шың, қар, көгiн…
Әуейiге телiмей мiнезiмдi,
айқара ашсам жанымды тыңдар ма едiң?!.
Тыңдар ма едiң, апыр-ай, нағашы аға,
жайғасып бiр төрдегi алашаға.
Аңғара алсаң… Көгiмде бiр дауыс бар,
өмiр жырлап тұрғандай қарашада.
Байқаймысың, мендегi сезiм бөлек,
бөлек тiптi, қарашы, көзiмдегi от.
Көкiрегiм күй сынды тартылмаған,
шертiп қалсаң, шанағым безiлдемек.
Жүрегiме үңiлшi, қара, анықтап,
сөйлеп сәуiр, жатқандай таранып бақ.
Естi жырдың үнi – бұл, естiгейсiң,
қоштасқанын бiлгейсiң балалық қап.
Сеземiсiң, барады Дала қашып,
арғымақ-ой жүгенiн ала қашып.
Қараша-өмiр айдыны – әлем-жәлем,
ақ пен қара жатқандай жағаласып.
 
Тiлеуқорлар азайып маңайымда,
қылауы жүр ойлардың самайымда.
Өлең деген дерт бiлем…
Дерттен қорқып,
сөнейiн бе?.. Апыр-ай, жанайын ба?!
Тiршiлiгiм асқақ па, аласа ма?!
Айтшы бүкпей ойыңды, нағашы аға.
Өлең деген Тағдырым…
Тағдырымнан
таландым деп безгенiм жараса ма?!
қараша, 1980 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу