Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  301


Автор: Тортай Сәдуақас

АРМАН САПАРЫНДА

Құрдастар, құшақ жая құрақ ұшқан,
Құрбылар, жанарында нұр ойнаған;
Бөрік атып жүргенде қуаныштан,
Бөлініп кетеміз деп кім ойлаған?
Жастықты тойлап солай салтанатты,
Жүргенде ғұмыр кешіп ғажап мүлде;
Сабылтып сұңқар арман сан талапты,
Алысқа алып ұшты-ау аз-ақ күнде.
Қимас жандай құшағын жаза алмаған,
Қош бол деп қала бердің, Қарағанды;
Жылдарым өткен сенде базарлаған,
Наз қалды, айтылмаған, нала қалды...
Арулар көзіндегі асқан тұнық, –
Қанушы ем қызығына қайнардың көп.
Батпаушы едім ойнауға тас лақтырып,
Мөлт-мөлт еткен мөлдірін лайлармын деп.
Шолақ сайдай кеткем жоқ босқа тасып,
Қырыңа жұпар шашқан гүлдер де ектім.
Достасамын деп жүріп, төс тақасып,
Қоштасып тек ешкіммен үлгермеппін.
Сыр тыңдап сенің сылқым бақтарыңнан,
Бас қойдым өмір деген пәк тұмаға.
 Дос таптым ағыл-тегіл ақтарылған,
Құшағын айқара ашқан таптым аға.
Барометр секілді көрсеттің сен,
Бораны мен шашынын өз кеудемнің.
Көңіліме көп арман көксеттің сен,
Мінім болса бел будым төзбеуге енді.
Ұқтырдың өрлер кезде асқарға мен
Адам мен пенделіктің айырмасын.
Мен сенен бір ән болып басталған ем,
Енді оның жазып жүрмін қайырмасын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу