Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  186


Автор: Нұрлан Оразалин

СЫНЫҚ СӨЗ

– Басқа пәле қайдан? – дегенде:
– Тiлден… – дептi Сырым батыр.
(Ел аузынан)



Есеп керек…
Керек есеп күлкiге,
керек есеп жасқа да…
Көкейдегi көп сезiмдi iркi де,
сөйле байқап
жауың түгiл, досқа да.
Жарыңа да,
Қызыңа да,
Ұлыңа,
Атаңа да Анаңа…
Сөйле байқап,
ең аяғы жырыңа
жүрегiңдi жұлмалап,
симай жүрген санаңа…
Сынық сөзден «байқамастан»
талай ауыз,
талай бастар шеккен мұң,
жалғыз ауыз жәй таластар,
тайталастар
салған қырау
самайына «көктемнiң»...
Даугерлiк те,
жаугерлiк те…
 
Бәрi…
Бәрi…
«Сынық» сөздi «намыс» қып,
байқамаудан басталған.
Байқамаудан –
бауырлардың арасына «алыстық»
сыналанып,
аналардың жанарынан
жас тамған.
Байқамаудан –
ошақтардың сөнген оты,
шаңырақтар құлаған,
қалалары құм жамылып,
далалары жылаған…
Бәрi…
Бәрi…
Басталған
шемендей бiр сынық сөзден –
сынадан.
Соны ойласам…
Аза бойым қаза болып тұрады,
тұңғиықтар тереңiмде тұнады,
есепсiздiк бәрiне де кiнәлi…
Байқаңдаршы!
Аспан асты, жер үстiнде көлеңдеп,
көлеңкесi
Сынық сөздiң
кезiп,
кезiп жүр әлi…
13 қыркүйек, 1978 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу