Өлеңдер ✍️

  17.03.2022
  119


Автор: Нұрлан Оразалин

ҚАРА ШАПАН ИIСI

(Әкеме хат)
Кiнәләдiң сен менi…
Қия шыңға, қия жолға қарадың.
«Ұмыттың, деп, анаңды,
ұмыттың, деп, әкеңдi,
түтiнiңдi елдегi
ұмыттың, деп, қарағым…»
Үндемедiм…
Үнсiз тынып тыңдадым,
күзгi қоңыр қыраттай.
Тындым iштен…
Тынды сөзiм, тынды әнiм,
тындым үнсiз, бұлақтай…
Ақталмадым жауап iздеп сұраққа…
Қарап тұрдым қиялмен
сағым аққан қыратқа:
Көктеуiне…
Қыстауына…
Күзеуiне атамның…
Бал күнiме –
тұнған мөлдiр сынаптай
тұрдым қарап.
омырауын сағынып
момын қара шапанның.
Жусан иiсi,
қырдың иiсi аңқыған,
 
жауын иiсi,
түтiн иiсi шалқыған,
осы өлкенiң бар иiсi:
Тынысы мен тiрлiгi,
берекесi, бiрлiгi,
еңбегi мен ерлiгi,
жiгiт мiнез өрлiгi
тұрғандайын көрiнiп
жағасында шапанның
иiсi сiңген атамның…
Көк тауларға тұрдым қарап,
Жүрегiмде жыр мұндалап,
Бабам болып тiл қатқан,
Далам болып тiл қатқан,
ой-санама
салмақ салған мың батпан,
қара шапан иiсi аңқыған
көк белдерге тұрдым қарап,
тұрдым қарап сағынып,
Менi ақын қып жырлатқан…
қазан, 1974 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу