Өлеңдер ✍️

  17.03.2022
  105


Автор: Нұрлан Оразалин

ТҮНГI ЫРҒАҚТАР

– Жаным, Сенi қалай таптым?..
– Менi iздеген жырларың арқылы...
(Үркер ауған сәттегi диалогтар)
***
Оңымнан соққан жел ме екен,
солымнан соққан жел ме екен,
салғырттау жүрген кезiмде
сабылып қайдан келдi екен?
Жалын боп жалап өттi не,
өртенiп кетсем не дермiн?!
Жасын боп түнде көк тiле,
жарқ ете түссе не етермiн?!
Оңымнан соққан жел ме деп,
солымнан соққан жел ме деп,
созылып жатқан белдермен
қашар ма едiм өрмелеп?!
Қуанып-толқып сол шақта,
көзiмнiң жасы моншақтап,
жығылар ма едiм кеудеңе,
тығылар ма едiм кеудеңе,
кеудеңе сенiң жан сақтап?!.
Оңымнан соққан жел ме деп?!.
Солымнан соққан жел ме деп?!.
ақпан, 1970 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу