Өлеңдер ✍️

  17.03.2022
  159


Автор: Нұрлан Оразалин

КҮЗГI ҚҰСТАР

Әшiрбек Көпішевке
Бұйыртса... Көктем,
кеудемде талай күз, ән бар,
жазым бар жарқын
аспанын арман көлбеген.
Сырнайлы таңым,
сыбызғы кешiм, ұзаңдар!
Ұзаңдар, құстар!
Қоштасып қоңыр белменен,
құм, шағылдармен шөлдеген.
Ұшыңдар, құстар!
Ұшыңдар мұңды кештермен,
қас-қағым өмiр,
өзегiңдi өртер түс, бiлем...
Ұшыңдар ұзап
жұлдызды, түнгi көштермен,
ұлы даламен,
ұлы таулардың үстiмен,
сағынып ұшар құс кiлең.
Бұйыртса... Көктем,
қаз ұшар талай күзiм бар.
Қараша құстар,
қоштасқан өзен, көлменен,
Кеудемнен менiң сызыңдар.
 
Сызыңдар ұзап!
Қалдырып қырға, елге – өлең,
махаббат, мұңға шөлдеген...
Қараша құстар...
Қараша құстар көлбеген...
қараша, 1968 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу