Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  139


Автор: Рафаэль Ниязбек

АТА РУХЫ

Күйзеліп, ата, кеткенде
Еске алам сені елжіреп.
Жүруші ең атпен көк белде
Сақалың тудай желбіреп.
Күндерде жүйрік от-құйын
Аңсамай жаным тұра ма.
Маркстің құны көк тиын
Ер салмай өткен құлаға.
Кемеңгер, ата, өзіңсің
Ақылы асқан ғұлама.
Пайғамбар сынды қарт едің –
Алдынан кісі кетпеген.
Атымтай жомарт мәрт едің –
Итті де өзекке теппеген.
 – Жерлеңдер, – депсің, – көк белге,
Ажалым жетіп өлгенде.
Айналып жасыл көктемге
Жатайын бұлттар төнгенде.
Сойсаң да ақ боз асыма,
Жалғанды жығып басқа ұрып.
Тұрғызба күмбез басыма,
Кеудемді таспен бастырып.
Бөлмеңдер мені даламнан,
Жатайын еркін тыныстап.
Адаспай арай – санамнан
Көрге де түсем нұр ұстап.
Жығылған аттай арқырап,
Жер-бесікке бетім ауғанда, –
Көр іші жатсын жарқырап,
Алланың нұры жауғанда...
Қабыл боп, ата, тілегің
Соқпаған күмбез басыңа.
Далаңмен бірге жүрегің,
Айналған шөбі шашыңа.
Жатырсың қабір ішінде
Айнымай асыл қалпыңнан.
Көргенде ылғи түсімде
Жетейін десем артыңнан.
Ашулы, сұсты пішінде:
– Қайт кейін! – дейсің жаратпай.
Қараңғы үйдің ішінде
Жарқ ете қалған жарақтай.
 Келеке болмай тілді елге
Азамат бол деп іргелі...
Жер емес, ата, білгенге
Көтеріп рухың жүр мені.
Сүйегіңе біткен тас қына
Көктеген гүлденіп бір демде.
Жанарыңа жасыл жас тұна
Сілкініп жаның күлгенде –
Өлгеніңді де ұмытып,
Түрмедей көрді жылытып,
Жай тарттың жарық күннен де.
Жатырсың, ата, көк белде
Айналып жасыл молаға.
Төбемнен тырна ұшып өткенде
Сағынбай сені бола ма?
Шабынған бура күштеймін,
Сақылдап ажал күлгенде.
Астына жердің түспеймін,
Көтеріп рухың жүргенде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу