Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  135


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЗАМАТ БОЛСАҢ...

Көгілдір аспан шатыры,
Зулайды күндер тоқтамай.
Атандың халық ақыны
Халықтың мұңын жоқтамай.
Қыран боп жетпей сен елге,
Жылан боп жеттің арбаған.
Бойласын қалай тереңге,
Тереңге қайық салмаған.
Жүрмегін, мейлі, қай маңда,
Жан едің өрт боп жанбаған.
Ант ауып, серттен тайғанда
Атағың бар ма алмаған.
Көгінен жауып нұрлы арай,
Көтерілген кезде өрге елі, –
Азамат болсаң бұл қалай
Әкеңнің қаңғып өлгені?!
 Көздері жастан құрғамай,
Жалған ба жұрттың көмгені.
Азамат болсаң бұл қалай
Анаңның аштан өлгені?!
Мен сені қалай үлгі етем,
Жұрт аулақ салған іргесін.
Осының бәрі күні ертең
Алдыңа келіп жүрмесін.
*** *** ***
Сені көрсем, көзімде күн күледі,
Көкірегімнен сен жайлы жыр түледі.
Ақ бас бура атанған кезде мынау
Саған ғашық шығармын кім біледі.
Тағат тауып өрт жаным тыншымады,
Тереңімді тулатып үн шығады.
Сен жоқ жерде тынысым тарыла ма,
Ауа жетпей жүрегім тұншығады.
Тап келдім бе қаһарлы айбыныңа,
Жеп барады мені іштей қайғы мына.
Қалқам, егер көл болсаң мөлдіреген
Қайық салсам деп едім айдыныңа.
Тағдырыңның бұл қалай қасарғаны,
Өрге жүзген өмірім базарлы әлі.
Кәрібоздың жас қызға көзі түссе,
Қуат жиып бойына жасарғаны.
Қызық қуған,
Қыз қуған көңілді елде,
Өтіп жатыр білінбей өмір демде.
 Саған қарай жүрегім жүгіреді.
Төбең сенің алыстан көрінгенде.
Жүрегімнің бар шығар бір білгені,
Саған ғашық жан аз ба бұл күндері.
Көктем болып жететін сияқтысың
Көктем болып ескенде қырдың желі.
*** *** ***
Қарау уақытқа қарсы қара бура шабынған,
Қара тобыр қай кезде де асыл ерге жабылған.
Қарғыс атқан Қараойда
Махамбеттің алтын басы шабылған.
Мына жарық жалғанда,
Махаңа арнап жыр жазғам – қалмайын деп
арманда.
Қақ жүректен қадалған қиянаттың қанжары
Тойына ұшып барғанда.
Қиянатқа жол бергені – жаны жайсаң
жұртымның,
Әділеттің өлгені, тозғаны асыл ғұрпымның.
Айдарынан жел ескен Атыраудың жерінде
Басы солай шабылған менің асқақ рухымның.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу