Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  116


Автор: Рафаэль Ниязбек

ӘЛІН БІЛМЕЙТІНДЕР

Сардалада сағымдайын көлбеген,
Жаман бар ма оза шауып өрлеген.
Жиында сөз бастағысы келеді,
Екі сөздің басын қосып көрмеген.
 Тауқыметтің артып алған көк тасын,
Заман неге жол үстінде тоқтасын.
Отаныңды басқарғысы келеді,
Басқара алмай жүрген жандар отбасын.
Жұрттың бәрі ардақ тұтқан ақынын,
Неге ту ғып көтермесін батырын.
Өкіметті билегісі келеді,
Билей алмай жүрген жандар қатынын.
Ағайынға көрмегендер қарасып,
Қай байғұсты жарылқайды жаны ашып.
Елдің көшін бастағысы келеді,
Шаңқай түсте жүрген жандар адасып.
Тіршілікте сыйламаған анасын,
Көктем болып көгерте ме даласын.
Кісіні ит қып жұмсағысы келеді,
Жұмсай алмай жүрген жандар баласын.
Ақиқаттың сөйлейтұғын тілінде,
Шындық жеңер десек те ылғи түбінде.
Білсең егер әлін білмей өзінің
Әлек болып жүрген қанша бүгінде.
Қай үмітті деп жүргенде жалғайын,
Бейбақ қанша тасқа соққан маңдайын.
Кейде мен де қарсы жүзем ағынға,
Әлін білмей әлек болған жандайын.
*** *** ***
Кеткендер қанша ерте өліп,
Жүргенде өжет пішінде.
 Жыр жазам ылғи өртеніп,
Бір күндік сәуле үшін де.
Жүрегім мұздап тоңғанда,
Ызғарлы әлем ішінде, –
Көкірегім шерге толғанда
Жырлаймын өжет пішінде.
Мазамды алды-ау ай, тегі,
Жанарым жасқа тұнғанда.
Жыр жазуды қойсам қайтеді,
Өртеніп кетпей тұрғанда.
Көңілге қайтем мұз артып,
Қуатым барда нұр себер.
Жасымды менің ұзартып,
Неге өлем жырым жүрсе егер




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу