Өлеңдер ✍️

  11.03.2022
  104


Автор: Рафаэль Ниязбек

ҚАН БАЗАРДЫҢ ІШІНДЕ

Ғашық болған бір кезде өмір еді,
Жұрттың неге көз жасы төгіледі.
Күйі қашқан ауылдан
Сұрқы кеткен
Тас қоғамның келбеті көрінеді.
Дүниені кім сонша жаңқалаған,
Күндер қайда бармақтан бал жалаған.
Қазақстан айналып қан базарға,
Жұрттың бәрі ала қап арқалаған.
Басқа қонбай бақ құсы үркіп еді,
Көк ала бұлт көгінде дүркіреді.
Адамдар да тас қоғам секілденіп,
Тас бауыр боп бара ма кім біледі.
Көңілдердің көзінен арай қашып
Ауылдарға көрді ме қарайласып.
Таршылықтың тарысы піспей тұрса,
Қамбасына құяды қалай тасып.
Сұм заманның көп көрген бүлінгенін,
Бордай тозып бара ма дүбірлі елім.
Асхананың ішіне
Терезеден
Талай көрдім намыстың үңілгенін.
 Күнің жүдеп тұрғанда, Айың жүдеп,
Кісі бар ма білетін жайыңды кеп.
Арамдықтың қайда да бағы ашылып,
Адалдық жүр базарда қайыр тілеп.
Ат арытып, алысқа жол шегерде,
Көш бастайтын ер бар ма көшелі елде.
Мейірім күтпе адамнан
Ғұмыр кешкен
Тас қоғамы қатыгез болса егерде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу