Өлеңдер ✍️

  10.03.2022
  120


Автор: Рафаэль Ниязбек

САҚТАНБАСАҢ БОЛА МА

Жүрмесе егер ішінен іріткелі,
Елін неге тонайды жігіттері.
Билік жақтан суық қар борағанда
Көктемдердің үсіген үміттері.
Биігінен биліктің ызғар есіп,
Халық әлі келеді мұз, қар кешіп.
Тұлғалы елге мүмкін бе айналмауы,
Елін егер басқарса тұлғалы өсіп.
Көңілдерге мұз қатып көптен бері,
Өзендердің өксуде өткелдері.
Жаны суық болғасын бұл биліктің
Еседі деп ойлама көктем лебі.
Күннің нұры көгіңнен төкпегенде,
Гүл жамырап өсе ме көк белеңде.
Әлдеқайдан кетеді үсік соғып,
Арманы елдің жаңадан көктегенде.
Ғұмыр кешіп жүрсек те көргенді елде,
Жұлдыз аз ба мезгілсіз сөнген демде.
Бірге өртенген жанының жапырағы,
Ақыл-ойдың орманы өртенгенде.
Жылығанда биліктің көңілі ептеп,
Мүмкін алда құлпырар өмір көктеп.
Қой қораны торыған бөрідейін
Бір кесапат жүр елді төңіректеп.
 Қатер барын сездіріп бұл күндері,
Соғады ылғи азынап қырдың желі.
Сақтанбасаң бола ма қайран қазақ
Көкжелкеден қапыда тұр бүргелі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу