Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  307


Автор: Рафаэль Ниязбек

КИІКТЕРДІҢ КӨЗ ЖАСЫ

Қасіретін кеудеге жиып тұрған
Жалған Дүние кімдерге күй ұқтырған.
Қарау күшке қылатын шараң қайсы
Зымыранын құлатып киік қырған.
Ара түсіп, қырылған киігіне,
Шыдамаған жан қанша күйігіне.
Адамдарды адам деу қиын шығар
Зұлымдықтың қол артқан биігіне.
Мына бұзық заманда құбылмалы,
Кімге дәрі жаныңның шыңғырғаны.
Сайын дала қан сасып тұрған жоқ па,
Сарыарқаның киігі қырылғалы.
Төбесіне ту тіккен биіктердің,
Мұңын кім бар тыңдаған сүйікті елдің.
Жерге көміп өлігін жасырады,
Табын-табын қырылған киіктердің.
Болашаққа жол тартқан ел асығып,
Сұм зауалды қумай ма бел асырып.
Жер-жаһанға мұң шақпай қалай жатсын
Киіктердің өлігін жер жасырып.
 Жамандығы көрініп өз басына,
Зұлымдықтың, кім кепіл, тозбасына.
Мүрдем кетіп жүрмесін бір күндері
Киіктердің қалғандар көз жасына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу