Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  155


Автор: Рафаэль Ниязбек

АСЫРАНДЫ ИТТІҢ СӨЗІ

Жауар бұлттай қабағы тұнжыраған,
Қожайыным бау тағып, шынжырлаған.
Тұтқын өмір кешем деп ойладым ба,
Сағынышы сағым боп бұлдыраған.
 Азаттығы бұйырмай түз тағының,
Тартып келем азабын құса-мұңның.
Қожайыным шынжырлап ұстағасын,
Тағдырыма өлердей ызалымын.
Айдынына жол тартқан кемедейін,
Қуанышқа,
Бақытқа кенелейін.
Ей, адамдар, босатшы шынжырымнан,
Өлігімді көрсетпей мен өлейін.
Әлденеден жүрегім мұздағанда,
Тайсақтайды бата алмай сұсты адам да.
Айға қарап ұлимын,
Ұмыт болған
Бөрілігім ежелгі ұстағанда.
Қызық қалмай барады бұл өмірде,
Күңіреніп күй кештім күрең күнде.
Қожайыным шынжырлап неге ұстайды,
Бір қасиет болмаса жүрегімде.
Кейде сұсты көрініп жарақтан да,
Үй күзеттім – тыныстап таң атқанда.
Итке қалай айналдым
Тәңір мені
Көк бөрі етіп о баста жаратқанда.
Табанымнан ызғарлы сыз өткенде,
Кімнің жаны ашыған ізетті елде.
Қожайынның жуынды беретіні,
Үйін қорғап, күндіз-түн күзеткенде.
 Тағдыр мені қайыра шыңдағанда,
Өтпес еді өмірім шырғалаңда.
Сатылғанның бәрі де жуындыға,
Итке айналмай тұра ма бұл заманда




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу