Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  171


Автор: Рафаэль Ниязбек

НАҚАҚ КҮЙГЕН АЗАМАТ

Екі бетің алаулап нарттай жанып,
Бәйге алатын жігіт ең шаппай барып.
Сорлап, сірә, қалдың ба кім біледі,
Адалдығың билікке жақпай қалып.
Уақыттың құйыны суырғалы,
Кімді көрге салмады қуырғалы.
Қараулықтың қанжары тұр жалаңдап,
Ел ішінен адалдық қуылғалы.
Айнып әсте көрмеген нұр пішіннен,
Арыстарды бұл күнде кім түсінген.
Ел ішінен табылмай іздегенде,
Табылғаның бұл қалай түрме ішінен?!
Дүр дүние қабарып түнергенде,
Жәдігер ең жетілген жігерлі елде.
Шырқыраған дауысың елге жетті,
Баскесерді қасыңа жібергенде.
 Тулағанда көңілдің мөлдір көлі,
Елдің ара түсер-ау жөн білгені.
Жауыз қолдар бірақ та жүрген жоқ па,
Түрме ішінде сені де өлтіргелі.
Жаным содан шошынып сілкінеді,
Алабұртып дүние дүрлігеді.
Ер жақсысы түрмеде өлетұғын
Заман туып келе ме кім біледі.
* * *
Мына сырқат қоғамға ем іздеген,
Тұлғалардан үмітін ел үзбеген.
Биелерді соғымға сойған жақсы,
Өз құлынын жерініп емізбеген.
Көңіліме ызалы кек тұнады,
Ізгілікке қашан жұрт бет бұрады.
Жатқа сатқан баласын шырқыратып,
Аналарды дарға асқым кеп тұрады.
Суарылып бау-бағы бүкіл жердің,
Бағы жанып тұрса да үкілі ердің, -
Бұл жалғанда зұлымдық тыйылмайды,
Егер қатал болмаса үкімі елдің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу