Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  156


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖАСАНДЫ ӨМІР

Көңіліңнің көзінде тербетілген
Кеңістіктің сәуле ізде келбетінен.
Шынайы өмір сүрем деп әсте ойлама,
Жасандылық жойылмай жер бетінен.
Шындық барда жұлдызы ерте жанған,
Шынайылық – шыбық па жерде қалған?
Жер бетіне жасанды көлдер орнап,
Жасандылық өрістеп кете барған.
Көргенді елдің көрікті көшіне еріп,
Көргенсіздік келеді өсіп-өніп.
Жасандылық бар жерде бой көтеріп,
Жүрген сайқал секілді төсін керіп.
Аққулардың көз жазған қанатынан,
Тұнық көл де жасанды дара тұнған.
Бәрі, бәрі жасанды...
Табиғат жоқ
Қаз-қалпында баяғы жаратылған.
Кебін киген жолбике көңілшектің
Күлкісі де жасанды келіншектің.
Тұрысы да жасанды, жүрісі де
Бір бітпейтін ертеңі еріншектің.
 Көзім содан ызалы шоқтанады,
Тал бойыма қызулы от тарады.
Сарт мезірет, сарт мінез өріс ашып,
Сыйластық та жасанды боп барады.
Ұста – өмірде көп нәрсе жасалды деп,
Адасады алданып қашанғы көп.
Қыз бен жігіт бір-бірін жорта ұнатып,
Махаббат та үлгерген жасанды боп.
Көкке қарай өскенде қыр гүлдері,
Ұмтылмайды неліктен жұрт ілгері?
Көбі көшіп жасанды мінезге осы,
Жасанды өмір кешуде бұл күндері.
Жасытпаған жігерін жүдеу күнде,
Жүрсін неге тұрмыстың күрмеуінде.
Жасандылық жоқ деме,
Үкіметтің
Қалың елге жолдаған Үндеуінде!
Дүниені жын ойнақ, сайран көрген
Сайда неге қалмасын сайтанға ерген.
Жасанды өмір сүруге жұртты үйреткен
Жасандылық, ойпырмай, қайдан келген?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу