Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  150


Автор: Рафаэль Ниязбек

ЖЫНДЫХАНА

Өрт салды деп біреулер сырлы Аралға,
Қалай кінә тағасың бұл ғаламға?
Жын қоғамның ішінде жүрген соң ба,
Кейде ұқсаймын есерсоқ жынды адамға.
Алаң болып жүргенде бірдемеге,
Бір пәлеге тап болам күнде неге?
Сұрқылтайлар сұрқымды қашырғанда,
Кетсем деймін айналып сұр жебеге.
Мынау жынды қоғамда жыны ұстаған–
Қаңбақтайын тағынан кім ұшпаған.
Ақылдыны жынды орта ұққан емес,
Салауатты күн кешіп тыныстаған.
 Кім-кімді де сап қойып шырғалаңға,
Арзанын да жұрт құмар бұлдағанға.
Бұл заманда жындыны жынды ұғады,
Сосын қайтем айналмай жынды адамға.
Өскен бойда қорсылдап доңыз жеген,
Қараулықтан ешқашан қол үзбеген.
Адамдарды кім дейміз, жынды демей,
Ойларына не келсе – соны істеген.
Ақыл-ойы қайда әлгі тасқындаған?
Кейде сәби секілді қаз тұрмаған.
Бұзып ылғи әлемнің тыныштығын,
Неге сонша Адамзат азғындаған?!
Күрсінеді соны ойлап құмды дала,
Адамдардың сұп-суық сұрқын қара.
Жындыларын ұстаған қамап ылғи
Аспан асты, жер үсті – Жындыхана!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу