Өлеңдер ✍️

  09.03.2022
  170


Автор: Рафаэль Ниязбек

АЗАМАТ ЕРДІҢ ТАЛАЙЫ

Арлы анам мені туғанда,
Бір жұлдыз жанған аспанда.
Тағдырым торын құрғанда,
Мейірім күткен тастан да.
 Құлдырап бағым қашқанда,
Қуанған тобыр сөз қуған.
Көзімді жаңа ашқанда,
Майданда әкем көз жұмған.
Шеп бұзған жаулар қайдан да,
Құрдымға кетіп жоғалған.
Көз жұмған әкем майданда
Қайғым боп елге оралған.
Әкемді атты қай мерген?
Қан ішіп сұмдық мастанған.
Емшек емес, қайғы емген
Шерлі өмір солай басталған...
Арманын, мұңын арқалап,
Жатты өтіп күндер зуылдап.
Жетелеп мені нар талап,
Өн бойым қызған дуылдап.
Төбемде ылғи жүрді ұшып,
Бозторғай – жырым шырылдап.
Кетпеді жылап кімге есем,
Жаңқалап мені жонғанда.
Кей-кейде мұнар мұң кешем,
Көкірегім шерге толғанда.
Әкемнен қалсам адасып,
Бір жасқа жаңа толғанда.
Тағдырыммен де таласып,
Күн кештім мұздап тоңғанда.
Шыңғырған құлын-жүрегім,
Қатыгез қолдар шалғымен
Арманымды шауып орғанда.
 Мұқалған сондай күндері,
Мұңымды жатам жастанып,
Таулардың нәзік гүлдері
Өскен деп ерен тас жарып.
Оңаша жүрсем, өзімнен
Сескенем сұмдық жасқанып.
Миналап кетсе қайтемін,
Басымда сойқан басталып.
Туса да алда қандай күн,
Әйтеуір бір тал қармаймын.
Көк тұман басқан орманда,
Адасып жүрген жандаймын.
Кірпігім үшкір сұр жебе,
Ендеше мені күндеме.
Көк тұман басқан орманда
Адасып әлі жүр деме.
Ішіне мұздай тоң қатқан,
Дұшпанын жеңіп орға атқан
Азамат ердің талайы
Адасып жүріп жол тапқан.


***
Туғандар асып Алаштан
Жұртына түгел қарасқан.
Иттер де көп-ау бірақ та
Сүйекке қырғын таласқан.
Ырзығын елдің тауысқан
Қаптаған ала сауысқан.
 Ер жігіт қанша бұл күнде
Сайқалмен сайда қауышқан.
Егеулі найза ердің де,
Ерерін білмей кімдерге,
Алжасып есі ауысқан.
Балауса шөбін текке орған,
Көкірегі елдің дерт толған.
Адасқан қыран боранда
Соғылып тауға мерт болған.
Жұлынып тамыр-түбінен,
Жұрт көп те іштен іріген.
Қазақты аз деп кім айтар
Адасқан ана тілінен.
Қазақстан – қаймақ, кілегей,
Қылқытып жұтқан кіл өгей.
Сыпырып кеткен байлықты
Адасып келген шүрегей.
Жаралған қорқау пішінде
Зұлымдық әлі күшінде.
Адасып жүрген жұрт қанша
Ақ айдын әлем ішінде.
Тектіні терең орға атпай,
Кімді кім жүрсін қорлатпай.
Адасқан жұрттың біріміз,
Болашаққа барар жол таппай.
Білгеннің тілін алмаған
Алжасып қайда қалмаған.
 Адасқан елді Құдай да
Жөн сілтеп жолға салмаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу