Өлеңдер ✍️

  04.03.2022
  452


Автор: Рафаэль Ниязбек

КӨП ЖҰМЫЛА БЕРЕДІ КӨЗІМ НЕГЕ?


Ойлы көздің түбіне мұң байланып,
Өмір әлде бара ма сұрқайланып.
Бір қара құс, білмеймін, неге екенін,
Әлі күнге төбемде жүр айналып.
Тіршіліктен жанымның суынғаны –
Сұсты өмірдің жалт беріп құбылғаны.
Көп жұмыла береді көзім неге,
Жүрмесе егер мәңгіге жұмылғалы?
Айналсақ та айбынды өрісті елге,
Көше толы көңілсіз көріністерге.
Көзім, бәлкім, уланған...
улағасын
Қайта-қайта у сеуіп көнбіс жерге.
Сұлулыққа адамдар оқ атқасын,
Неге асылын бұл өмір тонатпасын?
Жоғалтты ма жарқылын көзім менің,
Шырай көркін табиғат жоғалтқасын.
Жоғалтқанда табиғат шынайылығын,
Қара жолы ашылған мың қайғының.
Дүниені сұлулық сақтаса егер,
Сұлулықты қорғағын – шын байлығың.
 Шуағынан адамның жылу барып,
Құлпырса егер қайыра сұлуланып,
Сұлулыққа жанарын суарғанда,
Қай көздің де тұрмай ма нұры жанып.
...Тіршіліктен жанымның суынғаны –
Фәни жалған жалт беріп құбылғаны.
Көп жұмыла береді көзім неге,
Жүрмесе егер мәңгіге жұмылғалы?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу