Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  338


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

СУРЕТШІ ҰЛЫМА

Ақын болып айта алсам сөздер легін,
Сен сызасың өлкеңнің өзгергенін.
Бояуларды сөйлеткен суретшілік,
Келе бермес қолынан кез келгеннің.
Ой толғап дүниенің еле бəрін,
Ондайға қапталынан келер əлің.
Қашанда шақырымнан шабыт алып,
Қамшылап өзіңді өзің деме, жаным!
Адамның ойға қанық қас-қабағын,
Айнытпай келтіріпті жас талабың.
Қадамы бұл алғашқы деп білемін,
Қадірлі Өнер атты асқақ Əннің.
 Жанның жаз шуақты күйін құптар,
Қылқалам бояуында жиынтық бар.
Қаншалық қайраттанып жүрген кезде,
Соншалық кездеседі қиындықтар...
Əлсіздің көрсетпессің босаңдығын,
(Алдыңнан жаңа күшті тосам бүгін).
Шаң жұтып шалдықсаң да шыда, қарғам
Шабанның қайталама осалдығын.
Өртеніп жүрсе дағы денең отпен,
Көн соған.
Бəз біреудей елең етпен.
Сен суретті ғажайып сызсаң дағы,
Суретші бар, тегінде, сенен өткен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу