Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  145


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ЖҮЗДЕН АСҚАН ЖҮРЕК

Ғалым, музыкант, этнограф, қоғам қайраткері, 103 жасқа толған Омар Хаймолдинге арнаймын
Сияқты тау етегі шалғайың-ай!
Сырласып сыр толғаған маңдайыңа ай.
Секілді екі шекең қос планета,
Маңдайың Сократтың маңдайындай.
Жатқандай жүрегіңде тынығып күн,
Жылынам шуағына жылылықтың.
Қасқайып оймен қарап
мына əлемнен,
Қаһарлы қасіреттің жырын ұқтың.
Қыстарын өткіздің де қиындықтың,
Жазындай жақсылықтың үйін күттің.
Сапырып саусағыңмен салаланған,
Сарнаған замананың күйін ұқтың.
Айтқанда тарау-тарау оғуз мұңын,
Тəулігі таусылады тоғыз күннің.
Еменнің иір біткен бұтағынан,
Иілген ұғам қара қобыз үнін.
Жанымды сарыныңмен егілдірдің,
Жайқалтып жазыменен сенім гүлдің.
Тереңін айдын көлдің таңдап алып,
Тербеттім аққу-тарих көгілдірін.
Көрсеттім көңілімде көл тұнғанын,
Кесілді ойымда ой толқындарым.
Сырлары сарын болып естіледі,
Сағымы сан құбылған сол қырлардың.
 Даламның таусылмаған жыры болып,
Қобыздың ішегіне мұңы толып.
Басынан самырсынның сағымдайын,
Ұшардың самғап ұштың үні болып.
Қобызым күңіренген мұңы қалың,
Күйіңе құлақ тігіп құнығамын.
Созылып таңнан таңға таусылмайды,
Тарихы Қорқытымдай ұлылардың.
Қанаттың екпінімен тондыратын,
Қалған бір Соғдыдағы соңғы лашын.
Бұтақтан қарағайға қарсы біткен,
Жасалған қасиетті домбырасың.
Қуанам үнің сенің көпке жетсе,
Аралап өз ішімді шетке кетсе.
Күйіңе көңілімді ілестірем,
Тартатын шертпелеп те, төкпелеп те …
Сөйледің Махамбеттен қылыш көріп,
Сазыңа қанаттанған тыныс беріп.
Шалқардай айдынына тарта берді,
Шалқыған аққудайын күміс көрік.
Ту қылып тік көтеріп мақсаттарын,
Көзісің кешегі өткен жақсы атаның.
Қобызға домбыраның үнін қосқан,
Құдайым қуат берген ақсақалым.
Шертілші!
Шешен тілмен тыңдайын мен,
(Тектінің баласымын тыңдай білген).
Ұқтырған құдіретін күй сазының,
Айналып кетпейін бе мұндай күйден.
Бабына келген əбден сəйгүліктің,
Сырына қанамын деп қайғы жұттым.
Атасын домбыраның ардақ тұттың.,
Аруағы риза ұлы Байжігіттің…
 Күйіне «Көкейкесті» тербетіліп,
Маңдайың кере қарыс терге тұнып.
Келесің қалың жылдар арасында,
Кетсе де талай терек жерге сіңіп.
Жанарың жаз күнінен нұр алады,
Мұндайда кім əн айтпай тұра алады.
Ғалым да, этнограф, күйші де өзің,
Аңыз бен шежіренің ғұламасы.
Абызым, ақылгөйім!
Жан түсінген,
Жасаған Адамдардың алғысымен.
Айтпай-ақ қояйыншы Поль Робсон деп,
Қазақтың Омар атты əншісін мен.
Атанып азамат боп айналаңа,
Қарамай жүріп жеке пайдаңа да.
Мағжан мен Шəкəрімнің өлеңі үшін,
Сібірге айдалдың-ау!
Қайран, Аға!
Қалдырған біздерде аз ба артына Əн,
Иелеп қасиетті халқына тəн.
Кешегі күнге дейін бұл қазақты,
Пəлекет қалмады ғой шарпымаған.
Ешқандай бəсеңдемес ірі көңілің,
(Ажалдан Алла жар боп тірі келдің).
Жарқылдап жүргеніңде
жазықсызданЖаламен кеткендердің бірі едің.
Жаныңа Əн егілген,
Жыр егілген,
Келгендей желпінші бір жыр елінен,
Арқаның самалындай аңқылдаған,
Айналдым, Жүзден асқан Жүрегіңнен!
Көрінген қара орманым жасыл болып,
Беретін айналаңа асыл көрік.
 Қазақтың барлығы да Өзіңіздей
Отырсын ортамызда Ғасыр болып.
Мамыр, 2003 жыл. Алматы




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу