Өлеңдер ✍️

  13.02.2022
  155


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

САСЫҚКӨЛ

Болғанмен есуастау ерікті күн,
Басылды басыңа кеп жерік бүгін.
Шаштарым шағалаңдай болған кезде,
Шабытпен сəлем беріп келіп тұрмын.
Көк жайлау басталатын қасыңнан кең,
Армысың, Мағжан туған асыл мекен.
От болып өне бойды араладың,
Осындай жерде өсіп ем жасымда мен.
Толғандым өткен күнгі жайыңды естіп,
Топтанған жағажайда қайың өсіп.
Осынау көк құла атты жазығыңда,
Жүрді-ау бала Мағжан тай үйретіп.
Білмеді-ау, сол кездерде сағынарын,
Сен жайлы жыр жолына салынарын.
Сол тайдай асаусыған қайран, Мағжан,
Кеш білді-ау келетінін жанына мұң.
Суатқа келген жылқы үйіріне,
Болашақ ақын шалма үйірді ме?
Оспадар болыс əке ожарлығын,
Осында көріп тұңғыш күйінді ме?
Құлағым күңіренген сазын тапты,
Мұңайып бойжеткендей жазың жатты.
 Қалқыған айдынында аққуың жоқ,
Қаңғыған қара үйрек пен қазың қапты.
Тіршілік түрлі-түрлі тарап жатқан,
Баурайды көңілдерге далаң қаққан.
Қызғыш пен шəукілдектің ұясын аңдып,
Қарғалар қаңқылдамай далаң қаққан.
Ол кезден қазір өскен бұта бөтен,
Ауаңа ашылды аңсар, жұта берсем.
Қалайша «Сасықкөл» деп атады екен,
Есілген жібек желің жұпар, мекен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу