Өлеңдер ✍️

  12.02.2022
  444


Автор: Кеңесжан Шалқарұлы

ТӨЛЕ БИ ТӨРІНДЕ

Төле би келді Албанның ауылына,
Айналды айнала əн сауығына.
Қазақтың ақ боз үйі қанат жайды,
Көрік боп Көкжайлаудың сауырына.
Төле би келді Албанның ауылына,
Сəн беріп жасыл жайлау сауырына.
Қонақтың құрметіне
аулы тұрмақ,
Иілді асқар шыңды тауы мына.
Табиғат құбылысымен жер түледі,
Таралып таза ауасы желпінеді.
Төле би тұнып тұрған тұмадайын,
Толқып бір қоя берді жер жүрегі.
Қалғандай көтеріліп еңселері,
(Ұлы би тізгін тартқан жер кең еді).
Сөйлеген сайын биден сүбелі сөз,
Сыңсыған қарағайлар теңселеді.
Ат шапты, балуан салды, лақ болды...
Жебедей жезқанатты құрт толды...
Құйрықты жұлдыздайын көзге түскен,
Осында Көкойнақтай бір ат болды.
Мың аттан жалғыз келді дараланып,
(Бəйгені жатқандай-ақ дала танып).
Төленің ниетімен Əлмерек би,
Бəйге ат пен əкелдірді баланы алып.
Біреуі екіншісін толықтырды,
(Бəйге ат пен бала биге соны ұқтырды).
Толғанып, тебіренген бидің ойы,
Өлеңдей егіз ұйқас жолықтырды.
– Ассалаумағалайкүм, ұлы баба!
Армысыз!
Мейіріміңіз жылы, баба.
 Бойымды күш билеген, ал ойымды
Тербетіп бара жатыр жыры дана.
Сіз жайлы Хангелді атам түсіндірген,
Ұғынған ұлылыққа ішім бірден.
Ерекше алақанға ап аялаған...
Мінеки келді көрген түсім бірден.
Сіз сенер ел мен жердің батыры бар,
(Жаңбыр мен қардан қорғар шатыры бар).
Қадірлі басыңыз да
Білуімше,
Қаймана қазағымның ақылы бар.
Жақсылық таралады діліңізден,
Ізгілік балын таттым тіліңізден.
Іргесін келешектің келістіріп,
Ой таласа қарайсыз Күніңізбен.
Болады соның өзі қуат бізге,
Ойнатып қуанышты шуақ жүзге.
Қазақтың ұлан-ғайыр даласында,
Боласыз тағы өзіңіз суат бізге.
«Көзінде от, көкірегінде күй даналық,
Рухты бір құдайым құйғаны анық.
Болмаса жаратқаным,
жан баласы –
Алдынан шыға алмайтын
тұр даналық»
Ұлы би осындай бір көзқараспен,
Барлады салыстырып өзге жаспен.
Хангелді немересі дара тұрды,
Секілді ерекше бір тезге басқан.
Балада нағашы жұрт бар əсері,
(Толқыған тектіліктің жаңа көлі).
Албанда Биекенің жалғыз қызы,
Сұлуке сұлу еді анасы оның.
Биеке Албанымнан шыққан батыр,
Жаулардың жаны шошып ыққан батыр.
 Ойраттың ойран салып ордасына,
Қамаудан талай рет шыққан батыр.
Əкесі Хангелді, ұлы Түке деген,
Қас-жауын кездескенде түте білген.
Сұңғыла парасатты, ойлы болған,
Сұлуке анасы оның сүт емізген.
Тектіден шыққан небір тегеурінді,
Бағыттап мақсатына келер күнгі,
Төле би ынталанып Райымбекке,
Сөйледі білдіріп ой нелер жылы.
Сөздері мағыналы соны, ойлы,
(Өңіне қан жүгіртіп қоңырқайлы).
Алысқа ойлы түспен көзін сүзіп,
Ақырын сабырменен қолын жайды:
– Тектіден шыққан теңбілсің,
Сеңгірден биік сеңгірсің.
Тауымда тұрсаң шыңымсың,
Даламда жазық сен қырсың.
Сұңқардан шыққан соясың,
Сұқсырға ғана тоятын.
Көкселдірсің көгімде,
Текпіні тасты оятын.
Бұл күнде жасыл шиенсің,
Көгалы болған иеннің.
Бұп-бұйра болып көз тартқан
Боздағысың түйенің.
Ардақты туған арыссың,
Азуы алты қарыссың.
Көкойнақтай ат мінген,
Алдын бермес жарыстың.
Қозықасың өсетін,
Құлжа болып кететін.
Төтесін тауып түнекте
Көкшулан болып кетесің.
 Шашақты найза қолға алған,
Шабынып жауға толғанған.
Шаршы топқа келгенде,
Шақырып ұран оңданған.
Қаршыға қанат сөзің де,
Қайтпас қайрат өзің де.
Алысты болжап көретін,
Əулиелік бар көзің де.
Ұялатып сөзіме ой,
Ойлаймын ұзақ көз ілмей.
Кеңпейіл,
Аңқау қазаққа
Керек-ақ тұлға өзіңдей.
Қыдыр болып жолдасың,
Бабалар оңдап қолдасын.
Əулие мен Əмбие,
Сапарыңды ұлы оңдасын,
Аллауакбар!
Осылайша айтылды ұлағаттық,
Тыңдады халық оны құлақ асып.
Əр сөзі Төле бидің шөлдегенде,
Қойғандай мөлдіретіп бұлақ ашып.
Қазақтың жауға батыл тірліктері,
Тілінен төгетіні жыр біткенді.
Біздерге ең қажетті ру емес,
Ұлт қажет.
Керек тағы Бірліктері.
Айтқанын Төле бидің жұрт қоштады,
(Асқақтап көтеріліп ұлт дастаны).
Алты адам ала болса ауыздағы
Кетеді.
(Онда аспанды бұлт басқаны).
Сол үшін босаңсытпай бірлік жібін,
Қазақтың сақтау керек жыр ғұмырын.
 Жұмылған жұдырықтай тас түйіліп,
Жылжымай жүректерде тұрды ұғым.
Бір кезде мал жайлаған төлі өсіп,
Сəн түзеп сауық құрған елі көшіп.
Осынау Көкжайлауды құрметтеп,
Атады «Төле бидің төрі» десіп.
Желкілдеп желмен ойнап жекендері,
Қосылып қоймен жүрген бөкендері.
«Көкжайлау» ұлы бидің есімімен,
Қазаққа қасиетті мекен болды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу