Өлеңдер ✍️

  12.02.2022
  225


Автор: Түбек Байқошқарұлы

ҚҰЛМАМБЕТ-ТҮБЕК

(Фатима Ғабитова нұсқасы)
Тезек:
Албанның көрдіңіздер Тезек ханын,
Тезектің бір жағы – хан, бір жағы – ақын.
Айтқаны патша өлең ұятырақ,
Болмаса, сенің сөзің – бойдай талым.
Үш жүзден асқан Түбек келеді дейді,
Ол келгенде, не дейсіңдер, ақындарым?
Тезекті «шалқып жатқан көл» дейсіңдер,
Ордама əр кезеңде келмейсіңдер.
Бұл Тезек – шынар ағаш, сіз – бір тұйғын,
Келгенде сағындырып, жем жейсіңдер.
Үш жүзден асқан Түбек келеді дейді,
Ол келсе, ақындарым, не дейсіңдер?
Сөз сөйлесе, келеді сөзден ырғақ,
Құлмамбет, тындап отыр мұны, шырақ.
Егер де кəрі Түбек келе қалса,
Ұзақтай тұрып қалма бəрің шулап.
Құлмамбет:
Е, тақсыр, болып тудың ердің ері,
Үш жүздің алып жатқан шалқар көлі.
Ей, тақсыр, біз жеңілсек, өз намысың,
Бар болса, айтып бергін, кемдік жері.
Тезек:
Бұл елге Найман ауып келген деймін.
Дəулеті өзімізден төмен деймін.
Біреуі екі қатын жады қылыл,
Жеті жыл болып жатқан шемен дейді.
Жайлау қып Сарыарқаны жатқан деймін,
 
Қыздарын қара нанға сатқан деймін.
Доңызда қалың Найман ауып келіп,
Олжаға біздің ел батқан деймін.
Ақыннан мұндай үлкен қаупің жоқ па,
Сыртынан, бұрын сұрап, сақтан деймін.
Көк мұзда тағасыз ат тайғанақтар.
Сөзіңді мынау сенің не деп мақтар?
Ақыннан мұндай үлкен хабарың болмаса,
Бұрыннан сұрап қоймай, зəнталақтар.
Бұл екі арада Түбек келіп қалып, Тезектерге сəлем
беріп айтқаны:
Алейкум ассалам, жұрт ағасы,
Білінер топ ішінде ат жорғасы.
Алдыңа сəлем бере Түбек келді,
Жүрсің бе сау-сəлемет, хан ордасы?
Санында қызыл аттың Асан таңба,
Көлеңкең тегіс түскен мұсылманға,
Руым – Қаракерей, атым – Түбек,
Кеп тұрмын сəлем бере Тезек ханға.
Ішінде екпе бақтың бау жидесі,
Тезектің жолда жатыр жүз теңгесі.
Алдыңа сəлемдесе Түбек келді,
Жүрмісің аман-есен, жұрт иесі?
Алейкум ассалам, Тезек төре,
Қоймаған елде жылқы, кезеп төре.
Жалды ат, қомды түйе түк қоймаған,
Бір келер өзіңе де кезек, төре.
Хан Тезек, қарамысың төремісің,
Қылмасаң ұрлық-қарлық, өлемісің?
Момынның зар жылатып малын жейсің,
Мақшарда бəрін жинап беремісің?
Жұтсаң да Алатауды, бір тоймайсың,
 
Түбі жоқ бұл дүниені теремісің?
Айтқан сөз құлағыңа бір кірмейді,
Адамның бұл дүниедегі кереңісің.
Абылайдың аруағы қонғаннан соң,
Төренің бұл күндегі перімісің,
Хан Тезек Үш Алашқа алтын басты,
Шаңына ақын Түбек араласты.
Төреден сенен кейін алдым тоғыз,
«Үш тоғыз бермеспін», – деп ойлама əсте.
Көріндің екпе ағашта бау алмадай,
Басасың қара жерді жауған қардай.
Аруағы Абылайдың қонғаннан соң,
Барасың Құдайды да аузыңа алмай.
Хан Тезек, бала қаздай өрге жүздің,
Секілді ақ балапан көлде жүздің.
Аруағы Абылайдың қонғаннан соң,
Ағыздың сүттен бұлақ іргеңізден.
Бір тоғыз Əбілезден келдім алып,
Алып па сені Тəңір, одан қалып?
Төреден сенен кейін тоғыз алдым,
Бересің екі тоғыз, ашуланып.
Құлмамбет:
Таң қалды Алаш ұлы өнеріме,
Жеңілсем, бұл араға келемін бе?
Керейдің қаңғып жүрген жаман шалы,
Аз қапты кəріліктен өлеріңе.
Тіліңді тарта сөйле, Түбек шалым,
Төремді, жеңілмесем, беремін бе?
Түбек:
Құлеке, осы сөзің жөн бе деймін?
Ойласаң, мен де өзіңдей пенде деймін.
 
Қара көт қызғыш құстай, құйрығы жоқ,
Қалыпсың бауыр басып көлге деймін.
Қаңбақтай жұртта қалған салмағы жоқ,
Кетерсің қазір ұшып желге деймін.
Алаштан тары терген мен бір тауық,
Отырмын айтысқалы көңлім ауып.
Əнімді сөзім менен үйреніп ап,
Қылдың-ау сен де бəле, шетке шауып,
Алаштан ауып келген арыстан ем,
Бір күшік көті күйік алды қауып.
Түбекті «қартайды» деп ойламаңдар.
Бұл Түбек қартайса да, алтын сауыт.
Құлмамбет:
Бай болсаң, бұл арада жүрсің не қып,
Мал іздеп, қартайғанда, азаптанып?
Керейдің қаңғып жүрген жаман шалы,
Өлеңге қарсы қондым қашан барып?
Алашта жақын туған жалғыз сен бе,
Сөйлегін Құдайды да аузыңа алып.
Үйсіннің менен артық ақыны жоқ,
Жібергін, шамаң келсе, жерге қағып.
Түбек:
Құлмамбет, сенің мендей түрің бар ма?
Түбек – тұйғын, Құлмамбет – ала қарға.
Жетесің келген жерден кəрілікке,
Қайтқан кісі секілді жының бар ма?
Бар еді менсіз сенің қандай күнің,
Баратын менсіз сенің жерің бар ма?
Түбектің мұнда келген көрдің түрін,
Қорыған айдын көлді – жаман ырым.
Хан болған бұл батырың қызымды алып,
 
Сарт еді сары құлақ бұдан бұрын,
Түбектің Үш Алаштан асқаны анық.
Түбінде бұдан бұрын төре ме еді,
Хан болған бұл батырың, қызымды алып.
Құлмамбет:
Сөзіңнің қалай айтсаң, өрнегі жоқ.
Еліңнің Қаракерей дерегі жоқ.
«Үйірге бір байталды қостым», – дейсің,
Алып кет, байталыңның керегі жоқ.
Түбек:
Құлмамбет, сөз шығады ақылыңнан,
Көрінер Тезек төре шатырынан.
Қарашы Құлмамбеттің шермендесін,
Төрені айырмақшы қатынынан.
Сарттығың сары құлақ білінді енді,
Қызымды, ашуланып, алып кетсем,
Байлап қал есегіңді ақырынан.
Құлмамбет, сөйлесеңші сөзді бағып,
Кетесің біраздан соң сүре қағып,
Байлап қал есегіңді, арқан тағып.
Құланның, мас боп қалып, əңгісіндей,
Мазаңды алып жүрмесін оқыранып.
Сонда Тезек төренің Құлмамбеттің сөзіне көңілі
толмай айтқаны:
Қылдан тар қияметте сират деймін,
Ұжмақта иманды құл тұрад деймін.
Бір келген алыс жолдан мейман шығар,
Құлмамбет, айтпай-ақ қой, шырақ, деймін.
Кетесің келтеліктен жарға ағып,
Бұрыннан алсаң-дағы сұрап деймін.
Байғұс-ау, жас ақынмен тайталаспа,
 
Кетпегін терең сайға құлап деймін.
Мен айтсам, ширегіме келмес едің,
Айтқаны патша өлең ұят деймін.
Келтірсе, қартайғанда, нəсіп айдап,
Төрт түйе мен алғын бір ат деймін.
О-дағы аруаққа болар намыс,
Ордамнан құры қайтсаң, жылап деймін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу