Түбек Байқошқарұлы

Түбек Байқошқарұлы (1780-1870) - ақын, айтыс өнерінің аса көрнекті өкілі.

Абай аулына көршілес Найман-Қаракерей-Сыбан елінен шығып сол жерде өскен.
Жастайынан суырып салма өлең шығарып, ақындығымен елге танылған.
15 жасынан өлеңді серік еткен ақын алқалы жиындарда көптеген ақындармен сөз сайысына түскен.
Түбектің Тезек тере, Сабыр бай, Құлмамбет, Қарқабат, Қосан, Бақтыбай, Орынбай сияқты танымал жыр жүйріктерімен айтысына М. О. Әуезов өз еңбектерінде ерекше тоқталып, Түбектің айтыс өнеріне үлкен баға берген.
Поляк саяхатшысы А. Янушкевич 1848 жылы Семей облысында болған кезінде Түбек ақынмен кездесіп, бұл туралы өзінің «Қазақ даласына саяхаттан күнделік және хаттар» деген кітабында тебірене жазып, ақын талантына сүйсінген.
1863 жылы атақты Құлмамбет ақынмен Тезек төренің үйінде айтысып жеңуі Түбектің даңқын бүкіл Жетісу өлкесіне мәшһүр еткен.
1830 жылы ол Керекуге ақындығымен белгілі болған апалы-сіңлілі Жәкежан, Айымжандарды жеңген. Түбек өзінің суырып салма ақындық өнерімен жас Абайға да үлкен әсер еткен. Ұлы айтыскер ақынды ұстаз тұтып, талантын жоғары бағалаған. Бұл туралы М. О. Әуезов «Абай жолы» эпопеясында шынайы суреттеген. Түбектің талантына орыстың түрколог ғалымы В. В. Радлов, ұлы ағартушы-педагог Ы. Алтынсарин жоғары баға беріп, оның Жанақпен айтысын өздері құрастырып шығарып, жинақтарға енгізген.
Автор ұнаса, сақтап қойыңыз: