Өлеңдер ✍️

  12.02.2022
  173


Автор: Түбек Байқошқарұлы

АЙЫМ, ЖЕКЕЙ МЕН ТҮБЕКТІҢ АЙТЫСЫ

Əуеден ұшып жүрген лашындар,
Қыбыладан борап жауып, күн ашылар.
Алыстан ат терлетіп келгенімде,
Қолыма қағаз берді ұрғашылар.
Қағазды ұрғашы берген қолыма алдым,
«Қағаз, – деп, – бұл не қылған?» – аң-таң қалдым.
Ішінде жау орыстың мұны көріп,
Жылқыдағы Сабырбайға алып бардым.
Қағазды Сабыр ағам қолына алды,
Шежіре дана туған өңге салды.
«Қағазды бұл салған мен – Сəлті құсшы,
Аламыз қайтып жеңіп арсыз қарды?».
– Қиссаны айтқан екен Иман сері,
Қаламыз, қаза жетсе, бір күні өліп.
Келмейді барғаныммен менің əлім,
Сабырбай, жүр, екеуіміз екеулейік.
– Семейдің көріп пе едің мұндай тобын?
Қарағым, жалғыз барсаң, болар жолың.
Бір тықыр мына жақтан келді-ай бүгін,
Тимейді, нансаң, менің қолым.
– Семейдің көріп едім мұндай тобын,
Əрқайда көріп едім атқан оғын.
Сыйынып бір Құдайға барар едім,
Қайтейін, кедейшілік, аттың жоғын.
– Сөзіңді «ат жоқ» деген қойшы əлгі,
Алладан бұйрық келсе, баршы тағы.
Сөзіңді «ат жоқ» деген айта берме,
Үкілі үй жанында атты мінші.
Ат берді Сабыр ағам, міне кеттім,
Құрбымен, құрдастармен көлеңдеттім.
Дегенде үш күн, үш түн ұдайы жүріп,
 
Жоламан қақпасына келіп жеттім.
Келдім де Жоламанға, өлеңдеттім,
Өлмеген тірі жанға үкім еттім.
Келген соң босқа қарап жатайын ба?
Іздетіп екі арсызды əлектендім.
Аттандым Жоламаннан Шыныбайға,
Ақынның бағасы үлкен Шыныбайда.
Ішінде татөжінай бердім сəлем,
Баласы Құрманғали Мендібайға.
«Бұл жерде, ойлап тұрсам, көпесі қайда,
Ақыным, арып-ашып келдің қайдан?
Ақыным арып-ашып келген екен,
Қатын-ау, қайната гөр қара шайды-ай».
Есігі Шыныбайдың сықыр етті,
Қақпадан кірмей жатып өлеңдетті.
Ол-дағы елден шыққан жүйрік екен,
Тайкөкке шана жегіп, келіп жетті.
«Қызығын екі ақынның көреміз», – деп,
Артынан орыс, қазақ түгел ерді,
Атыңнан айналайын, бір Құдайым,
Ішіме-ай, көкірегім, салма уайым.
Қақпадан кірмей жатып өлеңдетіп,
Кəпір ме, мұсылман ба? Жөн сұраймын.
Айым, Жекей:
Ей, Түбек, жеңем деме, күдеріңді үз.
Дейтұғын Айым, Жекей қыздарың – біз.
Шоқыншық əкем атын демесеңіз,
Иншалла, дін мұсылманбыз.
Түбек:
Екенсіз Айым, Жекей, күтудемін,
Екенім менің Түбек қайдан білдің?
Иллаһи, иншалла, сен – мұсылман,
Қайда бар, онда барсаң, еркің білсін.
 
Айым, Жекей:
Бақсыға, олай десең, бақтырамын,
Тышқанмен балалаған қақтырамын.
Ақынға, ақын Түбек, тие берме,
Апарып, абақтыға жаптырамын.
Түбек:
Менің де міне отыр ғой Шыныбайым,
Біледі, өзі көпес, жанның жайын.
Айырып сен қаншықтан ала алмаса,
Мен мұны «көпесім» деп не қылайын?
Айым, Жекей:
Менің де міне отыр ғой Метрейім,
Бетіме, жүзіқара, тесірейдің.
Көргенде жау орысты, байғұс қазақ,
Жүрегің тоқтай алмай, дірілдейді.
Түбек:
Екі қыз – Айым, Жекей, қарсақтайсың,
Көргенде бозбаланы, алшақтайсың.
Татарға, орыс, қазақ бірдей жетіп,
Кіммен содан жан сақтайсың?
Айым, Жекей:
Ей, Түбек, амалың көп, қасқырдайсың,
«Ораза, намаз», – десе, бас ұрмайсың.
Үйің де, малың да жоқ, қу кедейсің,
Атыңмен сұрап мінген қашқындайсың.
Түбек:
Екі қыз, Айым, Жекей, күлімдейсің.
Танауың үкі, тышқан ініндейсің.
Татарға, орыс, қазақ бірдей жатып,
Тамақпен содан ішкен білінбейсің.
 
Айым, Жекей:
Ей, Түбек, амалың көп, түлкідейсің,
Сəуірдің сен бұлтындай дүркірейсің.
Үйің де, малың да жоқ, қу кедейсің,
Атыңмен сұрап мінген дүрілдейсің.
Түбек:
Ар жақта Сəмеке мен Маманым бар,
Білмейсің оны неге сен, шұнақ қар?
Үйіне қонақ түссе, күтеді екен,
Аруағыңа, алдияр, басың байлар.
Айым, Жекей:
Семейдің алды – сарай, арты – кеніш,
Жағалай бау-шарбаққа бітер жеміс.
Төренің аруағына, алдияр бас,
Көк жылқы, көк аланы естігенбіз.
Түбек:
Екі қыз – Айым, Жекей, тышқандайсың,
Аспанға, қанат бітсе, шыққандайсың.
Екі қыз, сен Түбекті жеңем деме,
Көтіңді мықтап, қарлар, қысқандайсың.
Айым, Жекей:
Көріп ең қашан пайда ақылыңнан?
Сен көрдің отқа жуық жақыныңнан.
Көргенде ұрғашыны икемдейсің,
Шекпеп пе ең кеше зиян қатыныңнан?
Түбек:
Ұрғашы, қайбіріңе қуанғаным?
Қуанып, қайбіріңе жалынғаным?
Қастығы ұрғашы иттің жерде қалып,
Қарыға-ай мұзға соққан қайрылғаным.
 
Айым, Жекей:
Атыңнан айналайын, бір Құдайым!
Шыныбай, көкірегіме салма уайым.
Келгенде қара өлеңге, сен болмадың,
Жұмбақпен тоғыз ауыз тоқтатайын.
Түбек:
Қыз-дағы қызыл изен қонағындай,
Қоянның тоғайдағы жымағындай.
Айтсаң да қандай жұмбақ, мен білемін,
Айта ғой өзің сүйген жұмбағыңды-ай.
Айым, Жекей:
Жұмбағым біреуден соң екеу болмас,
Жаманды не қылайын қоржын толмас?
Жұмбағым тоғыз ауыз түгел айтсаң,
Иманың өткен күні болсын жолдас.
Жұмбағым екеуден соң үшке жетпес.
Бар ақыл қайрат-күшке жетпес.
Жұмбағым тоғыз ауыз түгел болсын.
Ойда орыс, қырда қазақ ештеңе етпес.
Түбек:
Жұмбағың екеу деген – ай менен күн,
Жаңылсам, сен, қаншықтар, мойныма мін.
Төбеңе қырда жатқан қағаз салып,
Бар еді менде не ақың, шұнақ күң?
Жұмбағың біреу деген – бір Құдай-ды,
Жасаған, жарлығы үлкен, жылжымайды.
Кəпірмен араласқан қыз тозақта,
Қоймасаң сен көбейтіп осыларды.
Жұмбағың үшеу деген – үтір уəжіп,
Барады намаз қайда одан озып?
Кəпірмен араласқан қыз тозақта,
 
Сендей қар өлгеннен соң бордай тозып.
Жұмбағың төртеу деген – төрт шадияр,
Шадияр бірі – Сыдиық, бірі – Құмар.
Кəпірмен араласқан қыз тозақта,
Сендей қар өлгеннен соң бордай тозар.
Жұмбағың бесеу деген – бес намаз-ды,
Сауабы бес намаздың көпке аян-ды.
Жақсыны білмес жаман өкпелетер,
Кəпірмен араласқан қыз тозақта,
Сендей қар өлгеннен соң заннам кетер.
Жұмбағың алтау деген – алты иманың,
Бар ма еді иманыңдай бар жиғаның?
Татарға, орыс, қазақ бірдей жатып,
Жайылып көлденеңің, тарбиғаның.
Жұмбағың жетеу деген – жеті пейіш,
Жақсының алды – сарай, арты – кеніш.
Жұмбағың тоғыз ауыз түгел тапсам,
Аларсың қазылардан үлкен сөгіс.
Жұмбағың сегіз деген – сегіз ұжмақ,
Барады намаз қайда одан ұзап?
Кəпірмен араласқан қыз тозақта,
Көрерсің өлгеннен соң қатты қыспақ.
Жұмбағың тоғыз деген – тоғыз пейіш,
Жақсының алды-сарай, арты-кеніш.
Жұмбағың тоғыз ауыз түгел таптым,
Аларсың төрелерден үлкен сөгіс.
Айым, Жекей:
Түбек-ау, айналайын, күн мен айым,
Кім білер, сен білмесең, менің жайым.
Кітаптан айтқан сөзің бұрыс емес,
Молладан сізді оқытқан айналайын.
 Түбек:
Айымжан оң қолынан жүзік берді,
Жекежан түйме бауын үзіп берді.
Жиылған хан Семейдің шаршы тобы
Ақынға сол арада қызықты енді.
Түбегің асып тұр ғой өлең-жырға,
Немене өлең деген білген құлға?
Семейдің көп көпесі мақтаған соң,
Төбемнен асып кетті жиған олжа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу