Өлеңдер ✍️

  10.02.2022
  171


Автор: Құл-Керім Елемес

ЖАЛА

І
«Сәләфтарша» софымын,
«Софыларша» сәләфпын.
Ал анығы бұл екі бірінде емен тараптың.
Мен сондамын ендеше, «Мен сендерді, – депті Аллаһ, –
Исламдай хақ дінім (дәл) үстіне жараттым!»
Алғысынан салақпын,
Артқысынан сәл ақпын.
Алғысынша қатал тым,
Артқысынша қалақпын...
Екі топта елемей танытуда салқындық,
Ал өзімше тура Хақ жолындағы талаппын!..
Хақ сенімім жүректе,
Хақ Пайғамбар соңында,
Ағып келем, сан шүкір, Хақ Аллаһым жолында.
Мәзһабтамын ол рас – Имам Ағзам мәзһабым,
Қандай іске сөзі үлгі хақ Құраным қолымда!..
Боу шарт еді мұсылман бір-біріне ең бауыр,
Маған әйтеу қос тарап қимылдайды емге ауыр.
Шүкір Хаққа білгізген, көзім жетті, сол анық,
Дін басқа,
Адам басқа екен... сенбе бұған сен, бауыр!..
Шүкір, шүкір, сан шүкір, Хаққа иман келтірдім!
Оқып намаз, нәпсімнің кері жағына мол тұрдым...
Қаж да бардым Хақ жар боп,
(Жетсе берем) қазірге
Жетпегесін байлығым тек Зекетті «өлтірдім»...
Жұма барып мешітке жұртпен бірге қайтамын,
Қалам қолда,
Таңдайға Хақ салғанды айтамын...
Тырысамын ол да рас шақырғаннан қалмауға,
Бірақ дінде бөлетін жіктерге бар қайқаңым...
Тарабында болмасаң жоқ екенсің еш топта,
Алады екен сыртыңнан, өзсінген не, өш боп та.
Аллаһ құлдың, әмин, азуынан сақтасын,
Азса кетеді екен құл тастап жүріп дос боп та!..
 ІІ
Аруақшылдар, масқара, олар үшін арабпын,
Рухани жұтылған мүритімін арабтың...
Олар үшін көк тиын, қазақ тұтқан мың жылдық,
Құндылығы Ислам, ақиқатшыл тараптың.
«Тәңір» дей ме, Аллаһты Тәңірі білмей шатасып...
«Бөрі» екен-мыс олардың жетпіс-жеті атасы...
Өлген дереу «құдайға» шыға келіп айналып,
Бетке ұрады, сұмдық-ай, нанымдағы қатасы...
«Ұлт» дегенде «ұрып» тұр,
Ұлттың діні жауы нақ!
Хақсыздықпен қарайған қасіретін жауып ап,
Отан, ұлт тек, бар ғой-шы, солардікі секілді,
«Аллаһ» десең жаусың сен, ту-у алыстан жауығат!
Әй, шіркін-ай, білгенді білмес тыңдау жөн еді,
Білместіктен бұл қауым не істеп, не жемеді?..
Білмейтіннің рухына білгендікі ем еді,
Бүйтсе ондайлар, білмеймін, өзін дінсіз көмеді!..
2012.4.21




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу