25.01.2022
  149


Автор: Мақсат Мәлік

Утопия

Жексенбі. Таң атпай жатып телефон шырылдады. Ұйқылы-ояу тұтқаны көтердім. Демінен таныдым. Өзім өте жақсы көретін, әрі жек көретін досым екен. Мәз-мәйрам. Балаша қуанады.


— Жағдайың қалай?


— Баяғы қалпы.


— Ұйықтап жатыр ма едің?


— Иә.


— Бәсе, өзім де солай ойлағанмын.


— Онда мен ұйқымды қандырып алайын, артынан хабарласармыз.


— Жо-жоқ, тұра тұр. Менде бір жаңалық бар.


Нендей жаңалық екендігін білмедім, бірақ оның өз ойындағы дүниесін жеткізуге деген құштарлығы анық сезіледі. Ауыр есінедім. Көңілін қимадым.


— Айта бер, — дедім.


— Айтқанда былай ғой, — деді ол, ұзақ әңгіме-дүкенге дайындалған жандай тамағын ауық-ауық кенеп, — Осы сенің шашың ұзын емес пе?


— Оны күнде көріп жүрген жоқсың ба?


— Мәселе онда емес,  мысалы менің де шашым өсіп кеткен.


— Оқасы жоқ, айлығыңды алған күні қысқартарсың.


— Сен әлі дұрыс түсінген жоқсың.


Үні жалынышты.


— Түсінбейтін несі бар, ерігеді екенсің адамды ұйқысынан қалдырып.


— Сәл тыңдашы енді...


— Ал тыңдалық.


— Менің айтпағым мынау еді, осы біз шашымызды өсіру арқылы өз қоғамымызға деген қарсылығымызды танытпаймыз ба?


— Жетісерміз...


Дауысым кекесінді шыққан болуы керек, ол жалма-жан іліп әкетіп, бастырмалата жөнелді.


— Онда тұрған дәнеңе жоқ. Өзге де достарымызға жеткіземіз ойымызды, бәлкім олар қосылар біздің қатарға.


— А-а-а...


— Сонымен келісесің ғой, мәселен скинхедтер секілді біз де топ құрамыз.


— Айналайын-ау, олардың іс-әрекеттері басқа ғой.


— Ештеңе етпейді, олар әсіре ұлтшыл топ болса, біз жай ғана, қоғамға наразы топ ретінде көрінеміз.


— Шынымды айтсам ұйқым келіп тұр.


— Әйтеуір менің айтқандарымды толықтай естідің ғой.


— Иә.


— Ойлануға уақытың бар. Жарайды артынан хабарласармыз.


Телефонның тұтқасын қоя салды. Жын қаққан ба дерсің. Түс көріп оянған шығар. Биссимиллә!


Ұйқымды жалғастырмақ ниетпен жатын бөлмеге еніп, әжем үйреткен дұғаларды қайталап, төсегіме жантая бергенім сол, телефон тағы да безектеді. Шыр-шыр етеді. Мыналардың барлығына таң атпай не болған деген оймен, қайтадан барып телефонның тұтқасын көтердім.


— Адам деген ұйқыны азайту керек, — деді, амандаспастан.


Таныдым. Достарымның бірі екен. Ол әрқашанда сөзін осылай бастайтын. Бірақ барлығы ақылдасып алып, мені әжуға айналдырғысы келетін секілді. Ашуланып, дауысымды қатайтып:


— Иә, енді сен не айтпақ едің, — дедім.


Ол саспастан:


— Саған айтар жаңалығым бар, — деді.


— Тыңдалық.


— Осымен жетінші күн, яғни бір апта болды үйден шықпадым. Жұмысқа  бармадым. Бір үлкен іс ойлап, қолға алайын деп жатырмын.


— Не болып қалды өзі, аманшылық па?


— Аманшылық қой, бірақ өзің білетіндей мен қоғамыма қарсы адаммын ғой.


— Дұрыс делік, алайда еш қарекетсіз бір апта бойы үнсіз жатып алғаныңа жол болсын.


— Міне, мен бір апта бойы осыны ойлап, мынадай ойға бекідім. Біздің қоғамның кері кетуі, мемлекет басшысына байланысты емес пе?.. Солай ғой...


— Мүмкін.


— Онда мен ертең дүйсенбі күні алаңға шығып, мемлекет басшысына деген өз наразылығымды білдіремін. Әр түрлі ұрандар жазып, дайындап қойдым. Қолыма ұстап шығамын.


— Содан...


— Сен менің жаныма ересің бе?


— Енді сен тыңда, мен саған бір жаңалық айтайын.


— Қандай жаңалық?


— Кеше теледидардың барлығы шулап жатқан, жаңалықтан естімеп пе едің?


— Нені?


— Кеше сен наразылық танытқың келіп жүрген мемлекет басшысы орнынан түсіп қалған. Ұлтын сатқаны үшін халық көтеріліске шығып, тағынан тайдырды.


— А-а-а...


— Сау бол!


Телефонның желісін түбінен жұлып тастадым да, қайтадан ұйқының құшағына ендім. Оянсам дүйсенбі екен. Тұра сала жұмысыма қарай асықтым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу