Аңыздар ✍️

  24.01.2022
  560


Автор: Қазақ жерінің 100 аңызы

БАЙДАЛЫ КӨЛІ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

Байдалы көлі Ақмола облысындағы Аршалы ауданында орналасқан. Аңыз бойынша, осы жерлерден Абылай хан әскерлерімен жүріп өткен деседі. Оның нөкерлерінің арасында алғыр ойымен және тауып айтқыштығымен көзге түскен Байдалы атты би болыпты. Бірде хан жазықты болғаны үшін жас батырлардың бірін жазалауға бұйырады. Ағаш үшбұрыш-таған жасап, соның ішіне жазықты батырды жүресінен отырғызып қояды. Тағанның ішінде отырған байғұс батырдың кешірім сұрауға да қауқары қалмайды.
Бұл жігіт пен Байдалы би бір рудан екен. Сонда Байдалы би: «Көзің бақырайып не ғып отырсың? Тым болмаса, өлім алдындағы ешкідей маңырамайсың ба?!» дейді. Жігіт үндемейді. Тек көзімен ғана өзіне рақым етуін сұрайды. Байдалы би Абылай ханға қарап: «Ей, хан, сен қазақтардың ханысың, халық сені сайлады. Егер бұзақы топ келіп, саған жабылса, қайтер едің? Сонда сені кім қорғайды, бұл жігіт сенің күзетшің емес пе? Оны босат... Адамдардың соңына түспе!» дейді.
Абылай хан Байдалы бидің сөзінің әділ екенін мойындап, жігітті босатуға әмір етеді. Содан бері көл «Байдалы» деп аталады, ал жанындағы асу «Абылай хан да өте алмайтын асу» деп аталыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу