22.01.2022
  1098


Автор: Жаңа заман ертегілері

Уайымшыл мектеп формасы

Үлкен шаһардағы дүкендер де үлкен болады. Сол дүкендердің жеке-жеке бөлімдері де көп. Әр бөлімде сатылатын бұйымдар да әр алуан. Туыстас, тайпалас заттар дербес отау тігіп, әрқайсысы өздерінше күн көреді екен. Сол көп бөлімнің біреуіне біздің болашақ кейіпкеріміз де келіп түсіпті. Бөлімнің жоғарғы жағында «Балалар киімдері» деген жазу тұр еді.


мектеп форма  бала
Жаңа түскен зат ұялшақтық жасап, үндемей ғана отыра беретін жаңа түскен келін емес. Бұрыннан тұрған аталастары жан-жақтан сұраған соң, бұл да сөйлей жөнеліпті.


– Жас та болсаң, біздің бауырларымыздың арасында ең бақыттысы – сен! – дейді көрші бөлімнен көп тұрып, шаршаған бір ер адамның костюмі. Кәдімгі үлкендер киетін қолпылдаған кең костюм ше, нақ соның өзі.
– Қалайша, ағатай? – депті екі беті алабұрта лаулап, оттай жанған Ақжарқын есімді жас костюм
– Өйткені өзгемізге қарағанда, жастар, мына сендердің жөндерің бөлек. Өздерің тәрізді бүлдіршін балалар сендерді шырақпен іздеп таба алмай жүр. Осы бөлімге күн сайын талайы келеді.
– Неге іздейді, ағатай?
– Себебі – сендер мына біз сияқты емес, ерекше жансыңдар. Сендердің өмірге келу себептерің де, алдағы міндеттерің де бөлек.
 – Иә, сонда қалай?
– Айтайын, бауырым... Сендер біз сияқты бір орында тұрып қалмай, бірден өтіп кетесіңдер. Өйткені мектеп оқушылары біртектес киінсін деген заң шығыпты.
– Рас па? Сонан кейін не бопты?
– Сен өзің де байқап тұрған шығарсың. Біз сияқты үлкендерге емес, кішкентай балаларға арналғансың. Бір ауыз сөзбен айтқанда, сен де сол оқушы формасының нақ өзісің ғой. Демек, сен өз құрбыларыңмен бірге мектепте оқитын жас жеткіншектің киімі боласың. Сондықтан да тез өтіп кетуің мүмкін.
– У-ра-а! – деп айқайлап, тұрған орнында секіріп түсті жас костюм.
– Сонда балалар бізді неліктен қазір іздеп жүр екен?
– Өйткені қазір – оқу жылының қарсаңы. Мектепте оқитын бүкіл балаға мектеп формасы керек.
– У-ра-а! – деп айқайлады тағы да жас костюм.
– Ертең дүкеннің ашылуын тосайық.


униформа бала мектеп

Расында да, таңертең дүкеннің ашылуы мұң екен, дүкен іші дабырласып, айқайласқан кісілерге тола бастады. Іштерінде балаларын жетелеген ата-аналар да бар. Бір әйел келіп, жас костюмді баласына кигізіп көрді. Костюм өзі де іштей тықыршып, «шіркін-ай, тез өтіп кетсем екен!» деп тұрған. Сол ойы іске асты-ау деймін, жаңағы баланың иығына қона қалғаны.
Бала дегендерге не ұнаушы еді:
– Сәл үлкендеу екен, – деп бұртиыңқырап қалды шешесіне.


– Еркін, сен тыңдап ал. Келесі оқу жылында тағы өспейсің бе, сонда тағы киесің ғой. Сондықтан ептеп үлкендеу болғаны жақсы, – деді баланың шешесі. Жаңағы Еркін есімді бала бір түрлі бұртиыңқырай бастап еді, жанына келіп, кеңес беріп тұрған сатушы сөзге араласты:
– Иә, келесі жылы үстіңе шап-шақ болады. Осыны алыңыздар. Өте жақсы тігілген, матасы да сапалы, – деп мақтап қойды. Осы ақыл қамшы болды да, жас костюм лезде сатылып кете барды. Ой, сондағы қуанышын айтпаңыз! «Енді мына балаға жақсы қызмет ететін болдым» деп шаттанды.
Бала жетектеген кісілер одан кейін де дүкенге келіп жатты. Көпшілігінің іздегені – мектеп оқушыларының формалары. Барлығы да жапырлап, сондай формалар ілінген жаққа қарай жүгіреді.
Мұны көріп, бұрыннан тұрған киімдердің ұнжырғалары түсіп кетіпті. Бұлардың «Мені кім сатып алар екен?» деп мөлиіп тұрғандары қашан? Іштерінде «Келмей жатып, мыналарды қара» деген қызғаныш та жоқ емес.
Кешке қарай мектеп формалары таусылып бітті.
Дүкеннен еркіндікке шығысымен, Ақжарқын үйде көп жатқан жоқ. Өзге де мектеп формалары сияқты, ол да өзін сатып алған баланың үстіне киіліп, мектепке келді.
Қараса, балалардың үстіндегі – ине-жіптен жаңа шыққан су жаңа өзінің туыстары.
Анадайдан-ақ көзге оттай басылады.




Аудто нұсқасы: 



 





Бүлдіршіндердің бірыңғай киініп, сән-салтанат құрғандары қандай тамаша!
«Шіркін, босқа жатпай, менің де тез сатылып кеткенім қандай жақсы болды. Жалпы үлкендерден гөрі балалармен достасқан әлдеқайда қызықты-ау. Бірге ойнап, бірге күлесің. Ішің де пыспайды. Әрқашан әзілдерін тыңдап, әндеріне құмарың қанады» деп ойлады Ақжарқын есімді жас костюм.
Сәлден кейін алғашқы қоңырауға арналған жиын басталды. Керней тартылып,
барабан соғылды. Салтанатты сөздер сөйленді. Оқушылар иық тіресе қатарласып
тұрып жатыр. Ақжарқын өзінің иесімен көрші тұрған баланың үстіне қарады. Ол баланың
үстінде де бір цехта тігілген өзінің құрдасы.
– Жағдай қалай? – деді Ақжарқын өзінің туысына.
– Жақсы. Бүгін мені бірінші рет киіп тұр.
– Мені де.
Ақжарқынның бойын шаттық кернеп, жүрегі лүпілдеді.
Өйткені өзінің иесі – кекілі желбіреп, еріні томпиған сүйкімді ұл. Тек бір орнында жыбырлап тұрмайтын тынышсыздау екен. Есімі – Еркін. Ә дегеннен-ақ екеуі жақсы жарасып кетті. Бала партада отырғанда да тыным таппайды екен. Сабақтан соң ештеңеге қарамай, үйіне қарай тұра жүгірді. Мәз-мейрам болып есіктен айқайлай кірген:
– Көке, апа! Алғашқы қоңырау жақсы өтті. Бәріміз қуандық, – деді ол ентігін баса алмай. Мұндайда ата-ана байғұста қай бір жан қалсын. Балаларының асты-үстіне түсіп, әбден бәйек болып жатыр.
Еркін үстіндегі мектеп формасын күні бойы иығынан тастаған жоқ.
– Үйге келгеннен кейін формаңды шешіп қой, – деген анасының ескертуі жауапсыз қалып, дастарқан басына да костюммен отырды. Бір жеңінің ұшы алдындағы тортқа тиіп кетіп еді, анасының шыр-пыры шықты.
– Ой, абайлашы! Үстіңдегі су жаңа киім ғой. Оның үстіне матасы да қымбат. Жаңа ескерттім емес пе! Былғап алма! – деді ол.
Ертеңгісін Еркін ұйқысынан:
– Формам қайда, формам? – деп оянып еді. Өзінің осындай ілтипатқа ілініп, құрметке бөленіп кеткеніне Ақжарқын да мәз. «Дүниенің рақаты оқушы формасы болу екен ғой, – деп ойлады ол. – Форма – мектеп оқушысының басты белгісі. Ал оқушы дегеніміз – ең әдепті, үлгілі бала. Сондықтан мен мына Еркінге адал қызмет етуім керек».
 Бірақ ол осылай ойлағанымен, уақыт өте келе бәрі өзгерді. Алғашында көкшіл түсті мектеп формасын иығынан тастамай, тіпті шешкісі келмей жүрген Еркін бірте-бірте оған салқын қарауға айналды. Қалай болса солай киіп, үсті-басын ептеп былғап та алатын болды. Оның үстіне сабақтан келгесін, шұбатып лақтыра салатын әдет тапты.
Костюмнің кейде уқаланып, мыж-мыж болып жүретіні сондықтан. Ата-анасы қанша ескерткенімен, Еркін тіпті салақ-ақ. Айтылған сөзді ұмытып кете береді.
Бұл жағдай, әрине, Ақжарқынның алаулаған көңілін су сепкендей басты. «Ойпырай, жап-жақсы баланың бұнысы несі? – деп налыды ол. – Әлде мектеп оқушысы болуға әлі үйрене алмай жүр ме?»
Бір күні анасы Еркінді шақырып алды да, Ақжарқынның көзінше:
– Сен оқушы формасының міндеті қандай екенін білемісің өзі? – деп сұрады.
– Неге білмеймін. Білемін, әрине!
– Ал білсең, айта қойшы.
– Оқушы формасы.... Оқушы формасы.... Оқушы формасы.... ол жай бала мен оқушының айырмашылығын білдіреді.


– Ал жай бала мен оқушының айырмасы қандай?
– Жай бала – ол бала... Ал оқушы – ол еңбекқор, адал, әдепті...
– Иә, сосын қандай?
– ...әдепті, ұқыпты, үлгілі бала...
– Дұрыс... Ал ендеше сен неге сондай болмайсың?..
Бұл сұраққа Еркін тайғанақтатып дұрыс жауап бере алмады. Осы әңгімеден кейін ол біраз күн тәртіпті болып жүрді. Амал не, онысы ұзаққа созылған жоқ. «Көн құрысса, қалыбына барады» дегендей, шамалыдан кейін баяғы әуенін қайта бастаған.
Үлкендердің көзінен таса жерде ойына келгенін істейді. Сыныптың ішінде асыр салып, балалармен алысады. Айналадағы заттарды қағып-соғып, сындырып кетеді. Қолы босаса, сабағын оқымай, сандалып жүргені.
Мұндай жағдайда үстіндегі форма қайдан сау қалсын!? Кірлеп, былғанғанды былай қойып, кейде әр жерін бірдемелер іліп кетіп, жыртылып қалуға да айналған.
Ақжарқын өзінің мұндай тентек баланың қолына түскеніне әбден қынжылды. Жай киім емес, мектеп оқушының формасы болғанына қалай шаттанып еді.


Осы жағдайды ойлап Ақжарқын айналасына қарайды. Өзімен бірге дүкеннен келген
өзге туыстарының да жетісіп жүргені шамалы секілді. Оқу жылының басталғанына бірекі ай өтпей жатып-ақ, көбінің өңі кете бастаған. Мыж-мыждары шыққан. Кірлеген. Тек дұрыс жүретін бірен-саран баланың үстіндегі костюмдер ғана мұнтаздай. Көңілдері көтеріңкі, жүздері гүл-гүл жайнайды.
Бір күні Ақжарқынға әлдеқалай ескі танысы кездесе кетті. Әлгі дүкенде қатар ілулі тұрған, кәдімгі үлкендер киетін қолпылдаған кең костюм ше? Сол. Алшаңдай басқан біреудің иығында кәдімгідей кербезденіп келеді екен. Жан-жағына паңдана көз тастап қояды. Алғашында ол Ақжарқынды танымай қалды. Танып амандасқан оқушы формасының өзі.
– Бауырым-ау, не болып кеткенсің? – деді кең костюм бұған таңырқай қарап. – Үстібасың жуылмай, үтік жүзін көрмей, әбден берекең кетіпті ғой. Не болды саған, а?
Таныс ағайынын көргесін бе, Ақжарқын көз жасын көлдетіп, жылап қоя берді.
Жылап тұрып жағдайын айтты. Күйзелісін сездірді. Ақыл сұрады.


Ағатайы да, кезегі келгенде, өз жайынан хабар берген. Мұның халі бауырына қарағанда мүлде керісінше болып шықты. Киіліп жүргені – жайлы, тоқ дене, иіскегені –
иіс май, көргені – үтік пен күтім. Тап-таза, теп-тегіс.
Мектеп формасын оқушылардың бұрынғыдай қадірлемейтінін естіп, ол да қатты қынжылды.
Әңгімелесіп тұруға уақыт аз. Асығыс айырылысып бара жатып, аға костюмнің бар айтқаны:
– Бауырым, мына тентектен басыңды алып қаш. Қадіріңді түсінетін балаға бар. Ал мынауың тіршілік емес. Қашып құтыл!.. – болды.


жыртық киім
Ақжарқын аға ақылын тыңдап, қадіріне жетпеген Еркіннен ақыры қашып құтылыпты.
«Мұндай баланың мектепке бармағаны дұрыс еді. Барды екен – оқушыға лайық бола білу керек еді. Ондай баланың үстінде киіліп жүру менің өзіме ұят», – деді ол. Сол жас костюм, яғни мектеп формасы Ақжарқын нағыз оқушыны іздеп, әлі күнге ел кезіп жүр дейді. Өзіне лайықты жанашыр бола білетін жас ұлан оған қашан жолығар екен?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу