Өлеңдер ✍️

  20.10.2021
  135


Автор: Исраил Сапарбай

Теңізге тілек

Басыл, теңіз, өзеуреп, өрекпімей,
Өнебойы кімдерге керек дүлей?
Тағы да бір тулайтын кезің келер,
Терістіктен Түстікке жел өтті ғой,
Басыл, теңіз, өзеуреп, өрекпімей.
Өзгереді бұл өмір, өзгереді –
Дауылды да аңсайтын кез келеді.
Тілсіздерге Уақыт тіл береді,
Үнсіздерге Уақыт сөз береді,
Өзгереді бұл өмір, өзгереді!
Алқынбағын, жарқыным, алқынбағын,
Сабаңа түс,
Сабыр тап,
Салқындағын.
Толқындарың ұқсайды арғымаққа,
Арғымақтың сипайын алтын жалын,
Алқынбағын, жарқыным, алқынбағын.
Сойыл тиген сотқардай нақ басынан
Дауыл тынып,
Жел де ертең сап басылар.
Дүниеде дəл мына өзімшілдеу
Басылмайтын ештеңе жоқ та шығар...
Көкке бір кез жетуді мақсат тұтқан
Айырылады таулар да асқақтықтан.
Əмір Темір əлемді атышулы
Ала алмады деймісің ақсақтықтан?..
Бас білмейтін асау да құрықталар,
Ыңғайына жығылып, ырық табар.
Басылмайтын өмірде ештеңе жоқ –
Құрғай-құрғай өзен де құрып қалар,
Ұмыт болар бəрі де, ұмыт болар...
Кім қалады, кім кетіп – Хақ та білер.
Қасат-қасат қар еріп, бақ та күлер.
Бүгін атқа мінгендер – жаяу қалар,
Бүгін жаяу жүргендер атқа мінер!
Кім қалады, кім кетіп – Хақ та білер...
Басыл сен де ендеше бағаң барда,
Басылмасқа, байғұс-ау, шараң бар ма?
Алдыменен керексің өзіңе-өзің,
Ал сонан соң керексің адамдарға,
Басыл, теңіз, ендеше шамаң барда!



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу