Өлеңдер ✍️

  18.10.2021
  111


Автор: Исраил Сапарбай

Он бес күн

(Айгүлге əзiл)

Болғанмен қанша сөзi бал,
Сезiмсiз жанды «сараң» дер.
Он бес күнiңдi өзiң ал,
Он бес күнiңдi маған бер.
Арманы Күннiң бату ма,
Аспан-Жер болса мекенi?
Бiрлесiп дəмiн татуға
Он бес күн бiзге жетедi.
Ащы да кермек Шындықтың
Ағытсам сырын амалдап:
Күйбеңi бiтпес тiрлiктiң
Күндесi болу – саған жат.
Өмiрден ерте безiнбе,
Өзiмшiл жанға ем қонбас.
Келiстi, кербез кезiңде
Керiмсал желге кеудеңдi аш!
Ұясы барда басатын,
Оралар қайта қаз кеткен...
Ұйқыңды шəйдай ашатын
Алдыңда əлi жаз, көктем!
...Бiр iнге келiп, түбiнде,
Ерте ме, кеш пе енбес кiм?..
Жер басып бiрге жүруге
Жетедi бiзге Он бес күн!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу