Өлеңдер ✍️

  18.10.2021
  167


Автор: Исраил Сапарбай

Сен неге мұңаясың, жаным, Гүлiм

Гүлбаршынға

Сен неге мұңаясың, жаным, Гүлiм,
Түсiнер менен басқа халiңдi кiм?..
Сал-сəуiр сарсағымға айналса да
Санасы саяз тартпас сабырлының.
Аққу да сыңарынан айрылғанда
Ұқсайды қанатынан қайрылғанға.
Өмiрге адам болып келгеннен соң
Не жетсiн қуанғанға, қайғырғанға...
Көзiңнен бал-бұл ұшып iзгi арманың,
Жүрекке жүк түскенде сыздар жаның.
Түсiнсең жарар едi-ау ертелi-кеш
Соңында жауған қардың ызғар барын...
Көзiнде тұрғанымен жанып ұшқын,
Сырласы ғазиз жанның – сағыныш, мұң.
Тозаққа көрген емес барып ешкiм,
Лəззатқа көрген емес қанып ешкiм.
Басыңнан бақиға ұзап озғанша күн
Бақытты – қолыңды Айға созған шағың!
Үзiлген үмiтiңдей болмасыншы
Жүзiңнен сырғып аққан көзмоншағың.
Қарғам-ау, қанат қайда, талап қайда?
Екi шек,
Шанақ бойлап əн ақпай ма?!
Санаңды жуып-шайып шапағымен
Қараңғы түндi қуып таң атпай ма!..



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу