Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  114


Автор: Исраил Сапарбай

Мен сенi жiберер ем гүл жайнатып

Мен сенi жiберер ем гүл жайнатып,
Балаша еркелетiп, күнде ойнатып.
Қайтейiн, бұлың жалған – бұл фəниде
Еншiме бұйырмаса мұндай бақыт.
Мен сенi мəпелер ем бал бөбектей,
Айдағы əлдекiмдi арман етпей.
Iшiнде шербет толы шаркесем-ау,
Таусылып қалмашы тек таңға жетпей.
Айтқызбай арзуымды өзi бiлген,
Айналдым сергек, көргек сезiмiңнен!
…Күдiкпен талайлардың күнi батып,
Үмiтпен талайлардың көзi iлiнген.
Мен сенi аялар ем алақанда,
Оятып тəттi ұйқыдан ала таңда.
Жем тасып жер түбiнен жетер ем-ау,
Ұқсасаң аузын ашқан балапанға.
Мен сенi жақсы көрем жанымменен,
Жаныма неге ендеше дамыл берем?
Жаратқан,
Жаппар ием, жарық күнде
Басыма не салсаң да қабыл көрем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу