Өлеңдер ✍️

  17.10.2021
  134


Автор: Исраил Сапарбай

Жағасында желбiреген желегi

Жағасында желбiреген желегi
Көзiң сенiң мөлдiреген көл едi.
Қарашығы əлсiн-əлсiн дiрiлдеп,
Қайсыбiрде қараушы едi күлiмдеп.
Қайда сол бiр көзмоншақтай көл тұнық?
Əлде... менi алғанбысың өлтiрiп?
Сүмбiл кеште суда жүзген Ай қайда?
«Ай қайда?» деп бассам ба екен айғайға?
Құдайым-ау, құжынаған құс қайда?
Бiрi келiп, бiрi қонып...
ұшпай ма?
Қос өкпесiн жүгiретiн қолға алып
Көрiнбейдi желең көйлек жел нағып?
Шөпiлдетiп сүйген сұлу қайранды
Мақпал жұмсақ майда толқын қайда əлгi?
Желбесiкте тербегендей жер-көктi
Баяғыдай бiр қарасаң нең кеттi?
...Жағасында желбiреген желегi
Көзiң сенiң мөлдiреген көл едi.
Менi мүлдем алғанбысың өлтiрiп –
Қайда, қалқам, сол бiр мөлдiр көл тұнық?..



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу