Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  153


Автор: Исраил Сапарбай

Əн айтсам теңселесiң, тербелесiң

Əн айтсам теңселесiң, тербелесiң,
Теңiздiң мiнгендейiн жел-кемесiн.
Осынау үнсiз, мұңсыз қалпыңменен
Жаныма ем бересiң, дем бересiң.
Əн айтсам тербелесiң, теңселесiң.
Қинайды қиналғанда емшi емесiң.
Адаспай өң мен түстiң арасында
Есiктен еншi Елесiм, келшi Елесiм.
Əн айтсам тоқсан тоғыз құбыласың,
Не бiлiп, ненi iшiңнен ұғынасың?
Шығыстан шұға киiп шыққан Күндей
Көңiлiңнiң көрсем еттi шұғыласын?
Əн айтсам өзiңдi-өзiң ұмытасың
Құшақтап Ұлытаудың ұлы тасын.
Бiлтеңдi өшiп-жанған үрлей-үрлей
Дiңкемдi сонша неге құрытасың?
Əн айтсам...
Жо-жоқ, ендi доғарайын,
Өзiме, өзеуремей, оралайын.
Тұрайын айдалада қалғып-мүлгiп,
Ай қонған төбесiне моладайын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу