Өлеңдер ✍️

  16.10.2021
  164


Автор: Исраил Сапарбай

Аямай жанға жүк арттым

Аямай жанға жүк арттым,
Ақымақпын ба, қандаймын?
Өзiмдi-өзiм жылаттым,
Өзiмдi-өзiм алдаймын.
Басыма шапты бар қайғым,
Баянын таппай аз бақыт...
Қобыздай қоңыр сарнаймын
Жүректiң қылын қоздатып.
«Бəрi де бəрi кеш, – деймiн, –
Келмеске кеттi кекiлдiм...»
Өзiмдi-өзiм кешпеймiн,
Өзекте өксiп жетiм мұң.
Жапанға көздi сатам да
«Қайрылмас, – деймiн, –
ендi ол қыз».
Осынау жəми жаһанда
Жаратқан жалғыз,
Мен жалғыз.
Жайғанмен жанды алғаусыз,
Еншiме кеттi енбей бақ.
Аяулы жаннан аңдаусыз
Айрылып қалған мен – бейбақ.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу