Өлеңдер ✍️

  11.10.2021
  170


Автор: Исраил Сапарбай

Сенсiз көңiл құлазыр, жетiмсiрер,

Сенсiз көңiл құлазыр, жетiмсiрер,
Аз да болса қасыма отыршы, кел.
Қызығынан өмiрдiң тез тойындым
Қызыл күрең сырадай көпiршiген.
Аз да болса, қасыма отыршы, кел.
Сыздағанда жүректiң жарасы анық
Жаның бiр сəт тiлейдi оңашалық.
Бiз екеумiз қазақы домбыраның
Егiз, қоңыр үнiндей жарасалық.
Айтар сырды үн-түнсiз тыңдап, оқып,
Отырайық бiрауық мұңға батып,
Өкiнiшке өзектi тырналатып,
Жанар жасын сынаптай сырғанатып...
Көңiл жаяу,
кезiнде көңiл қаяу
Көз алдыңда көлкидi қоңыр бояу.
Түн көрпесi тұмшалап, тұншықтырып
Өшiп бара жатқандай өмiр баяу...
Жаным мұңын,
жасырсын жанар жасын,
Жалын жылым, бiлемiн, жаңармасын.
Бозбала күн қызығын қозғамағын,
Мəңгiлiкке ол жоғалтқан ақ алмасым!
Көңiл шiркiн құлазыр дара жүрсем,
Қасыма кел, отыршы, қарағым, Сен.
Жарық таңға үмiттi жалғар ма едiм
Жабыққанда жанымда бола бiлсең?!
Қасыма кел, отыршы, қарағым, Сен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу