Өлеңдер ✍️

  11.10.2021
  159


Автор: Исраил Сапарбай

Бiлмей далмын

Бiлмей далмын
Кiмге айналдым?
Кiм керек?
Сиқым қашып... сыймадым-ау жер-көкке.
Кеудемдегi тыным таппай бiр бөбек,
Бұлқынады, жұлқынады жөргекте.
Қайта бүрлеп,
Қайта гүлдеп,
Жаңарып...
Қайран, жүрек, көтергелi нар жүгiн,
Алпыс екi тамырыңа таралып,
Араласып кеттi деп ем қан-жыным, –
Бекер екен...
Уақыт бəрiн жеңдi ендi.
Қарыс жерiм қашықтады шалғайлап...
Серi күнiм серiк iздеп сенделдi,
Сенiң шырын сезiмiңе қанбай ғап.
Маңдайыма бұйырғалы бұла күн,
Таңдайыма салып жүрген тəттiм ең.
Қу құлқынның баса алмайтын құмарын
Соның бəрi баянсыз бiр бақ бiлем.
Өттi, кеттi...
Айта берем қайбiрiн..,
Саумал бүркiп Сəуiр лебi, кəнi, ессе?!
Алақанға толтырып ап Ай нұрын
Əппақ сүттей сiмiргенiм əлi есте!..
Бақ құсындай қонып тұрып қонбаған,
Өттi бəрi...
Кеттi бəрi келмеске...
Айгөлектей кездерiңдi сол балаң
Айналайын, алып жүршi сен де еске.
Үмiтiмнiң күнде ұшырып үрейiн,
Бiлем, сезем, қоштасатын таяу күн.
Тағдырыңа алаң болып жүрейiн,
Сен əрдайым аман болшы, аяулым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу