Өлеңдер ✍️

  30.09.2021
  145


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Сәлем, әсем Өскемен!

Сәлем әсем айтулы қала, Өскемен!
Тарихың терең, тағдырың бүгін өскелең.
Қатар бой түзеп, тетелес тату құрбың-ай
Иық тіресіп Семеймен егіз өскен ең.
Көсілген кербез бауырын алып Алтайдың,
Ырғынды бүгін ырысқа бөгіп марқайдың.
Титан-магний, қорғасын-мырыш, сары алтын
Комбинаттары жуып тазарды бойдан бар қайғың.
Экономикаң, өсті өрлеп мәдениетің
Көрген жан риза, сүйсініп басын иетін.
Сәнді сарайлар, сәулетті тұрғын үйлер бар
Еңбек адамы алшаңдай басып кіретін.
Бәрінен дағы адамың өсті, адамың,
Аршындай басып, айрықша алып қадамын.
Қойшы қазақтан өсті ғажайып металлург
Әлемге кетті есімі Ахат ағаның.
Жырлаған сені Ілияс, Иса Байзақов,
Болашағыңның екенін ерек байқатып,
Омырауында Отанның алтын алқа деп
Келеді ел жырлап бақыттан бөркін айға атып.
Көркейе бергін, көріне бергін биіктен,
Құтты қонысым, құнарлы өлкем сүйікті ең.
Төркін деп танып, тебірене сайрап мен де өсіп,
Шыңындағы Алтай айнымай тұрмын киіктен.

26.05.2002 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу