Өлеңдер ✍️

  30.09.2021
  102


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Ойға қалсаң, басыңа не келмейді

Ойға қалсаң, басыңа не келмейді,
Еш уақытта дүние теңелмейді.
Қандай қоғам орнасын бұл пәниде
Күшті, тістілер ғана кемелдейді.
Әсте ұтпайды билеген ар-намысы,
Ар аттаған танылып арлан кісі,
Жүреді екен жер басып жалған кісі,
Шен, шекпенді атанып тарлан кісі.
Екі қоғам, саясат екі түрлі
Куәсі боп таныдым осы ғұрлы
Келеңсіздік билеген дүниені
Кемелді деп шатасқан келер күнді.
Өнерлі бол ғұлама кемел мейлі,
Өрлеп биік ғарышқа теңел мейлі,
Байлық, билік болмаса, жоқ-жітікті
Күрмелмейтін қысқа жіп көгендейді.
Қоғамын ол — бар мен жоқ, аш пенен тоқ.
Саясат ол — айла-амал әрекет тек.
Билік, байлық бәрі бос әурешілік
Сол байлығың түгесер ғұмырын жоқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу