Өлеңдер ✍️

  22.09.2021
  120


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Бауырым, сен менімен байқап «ойна»

Үлкеннен үлгі,
Кішіден ізет!

Бауырым, сен менімен байқап «ойна»
Әркімнің өз мың қойы жүреді ойда.
Болғанмен мансап көзі көк аспанда,
Жер басып жүргеніңді сезбей қойма.
Дарияға өз ақылын теңемес кім,
Қызғанда қабырғасына кім кеңессін.
Қулығын кей пасықтың елемеспін,
Намысын қорғай алмас ез емеспін.
Баянсыз қолдың кірі бак дегенің
Болмайды бүлдірмесі «тақ» дегеннің
Өзіне өзге емес өзі риза
Есерді ерегессем бөктеремін.
Әр ненің даңғыры бар күйге тең бе?
Көгалға қос тігіледі, үйге тең бе?
Құрметті жағынудан айырмасаң
Мен айтып кембағалым, үйретем бе?
Қалдырған талай нақыл бағы заман
Ойы ұшқыр, жаны сергек таныр адам.
Үлкеннен үлгі, жастан ізет дейді.
Кеудеде сәулесі жоқ ұқпас надан.
Уағызынан табылар
Жердің және көктің!
Болашақ танып табынар
Қандай жеміс ектің?
Ризығы болар көптің
Қандай ұрық септің?
Болашақ болар борышты
Қаншама тер тектің?
Өмір деген жылжыған көштің
Бар бағдар барысында,
Ажыратып, қақыратып
Екіге бөле алмас ешкім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу