Өлеңдер ✍️

  17.09.2021
  142


Автор: Тұрсынхан Әбдірахманова

Жайлау түні

Жайлау.
Түн.
Тыныш айнала.
Тынығып әлем мүлгиді,
Тек бұл сәт көкте ай ғана
Тыншымай баяу жылжиды.
Күмбезін аспан аралап,
Ақ шарбы бұлттар көшеді.
Жанға аса жайлы рахат
Тау жақтан самал еседі.
Түн тынысын сүйгендей,
Сыбырлай ағып бұлақ та,
Еркелеп назбен күлгендей
Жағада жасыл құраққа.
Толтырып еңбек есесін,
Тыныққан шаруа қауымы.
Босатып желі, өресін
Ұйқыда малшы ауылы.
Балауса көкке тойынған,
Мал жатыр жусап, тыныстап.
Жастар да тарап ойыннан,
Бозалаң тартты шығыс жақ.
Ыңылдап әнге салады.
Келіншек қарап көкке, айға.
Әннен бір ләззат табады
Сағынған жанын жоқтай ма?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу