Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  149


Автор: Қалижан Бекхожин

Шың түлегі

Тау басында ақ шыңнан
Қараңдайды көк шынар.
Бұндай, сірә, қақшиған
Тәкаппар тал жоқ шығар.
Көзге түскен ол жалғыз
Төбесінен таулардың,
Оны өсірген дүлей құз,
Қарлы шыңы Талғардың.
Барды ма екен құзға сол,
Жүгірген аң, ұшқан құс?
Қанаты бар, ұшқыр зор,
Қайда сонда асқан күш?
Көрдім туды басынан
Сол тәкаппар шынардың.
Жан жетер деп қасынан
Ойламаған шығармын.
Үсті дауыл, қарлы бұлт,
Асты меңіреу шыңырау.
Қалай ғана қадалып
Жалғыз жалау түр мынау?
Әлде мұны қадаған
Көк серісі қыран ба?
Найзағай ма ораған
От алауын қиянға?
Көзге түсті, асқарда,
Сол шынардың қасынан,
Қолын созған аспанға
Шынардай бір жас ұлан.
Айғай салды жас ұлан
Ашуы бұлт ызғарлы:
«Бағын маған, басынам,
Бұлт билеген құздарды!
Айбындымын қасыңда
Бойымда бар ел күші.
Тігілген ту басыңа —
Жеңісімнің белгісі!»
Содан бері шынарда
Желпілдеген ту қалды.
Бас игізіп тұрғандай
Асқақтаған шыңдарды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу