Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  249


Автор: Қалижан Бекхожин

Жылдар

Ағылып вагондардың тізбегіндей,
Сағаты зор өмірдің соққан жылдам.
Көрінер уақыт жылы — бізге күндей,
Заманда.алға шауып,.асқан шыңнан.
Өмір бар секундтың да қимылында,
Ал жылдар хикаясы заманға шақ.
Асырып ғасыр - жүгін биік шыңға,
Келеміз келешекке жайып құшақ.
Бейбіт жылдар — жолдары жарқыраған,
Әр сағаттың соңында айқын із бар,—
Бұл өмірдің бетінде алтындаған
Жазулы бәріміздің атымыз бар.
Жылдан ұшқыр халықтың қанаты алып,
Көтерген, ғасырлардың бар қиялын,—
Сермеген ер құлашын болатта,
Керемет қуатымен партияның!
Зор бақыт — озып жылдар желісінен,
Тез жетсең ол нұсқаған нысанаға.
Зор бақыт — сенің тапқан жеңісіңнен
Өмірге толқын екпін туса жаңа.
Шахтаның шыңырауында ер жұмысшы
Бұрғысын бір секундта қалды түйреп,—
Шағылған сол көмірдің отты күші,
Бір күнді кетті бұрып алға сүйреп.
Минутте колхозшы дән сепкен жерге,
Шықты егін айларды алар қуаты бар.
Озуға уақыттан ол шапқан өрге,
Алдағы көрмек бұрын шақты туар...
Жасайтын зор құрылыс — заманымыз,
Секундымыз қағылған соған шеге.
Советтің екпіні ұшқыр адамымыз,—
Уақыт, бізді жылыңмен сен өлшеме!
Өлшенеміз ғасырдың шыңдарымен,
Екпініміз мұхиттың толқынындай.
Сағаттық жеңістерде — сырлар терең,
Әрбір жаңа күніміз жаңа жылдай.
Келеміз, коммунизм жүгін тиеп,
Шыңына ғасырлардың зымыраған.
Ескілік, шегін кейін, жығыл күйреп,
Жаңа өмір қуатымен зырла, заман!
Көтер сен дүниені өр биікке,
Халықтың, жалынымен, жеңісімен.
Замана, поезда шап келешекке.
Зымыра коммунизм рельсімен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу