Өлеңдер ✍️

  15.08.2021
  163


Автор: Қалижан Бекхожин

Орыс ақынына

Сағынысып көрісемін сенімен,
Сеніменен жасамақпын серуен.
Зор Москва көшесінде шалқып бір,
Жалындауға поэзия лебімен.
Поэзия теңізі ғой Москва,
Лирикамды шерткім келді достыма.
Қанат қақты менің ұшқыр жырларым
Москваның жұлдыздары астында.
Тербелгендей екеуміз бір бесікте,
Өскендей бір жастан еркелесіп те,
Әзілдесіп сырласамыз, ағамыз
Өзенінде жырдың оймен есіп те.
Ақын достым, не жаздың деп жуырда,
Қуанасың менің жаңа жырыма.
Маған мақтан, қазақ жазған өлеңнің
Тербеткені Москваның ұлын да.
Жырларымның бөлек сөзі, түрі де...
Түсінесің бірақ менің үніме.
Ырғағы бір, ағыны бір жолдарым
Үн қосады саған қазақ тілінде.
Сенің жырың — орыс үнді, от тілді,
Жүрегіме толқындаған төкті үнді.
Орыс даусын, орыс жырын ұқтым мен,
Сондықтан да менің даусым екпінді.
Сен өлеңге даңқ бердің күшті үнмен
Өрге шапқан жолдарыңа түстім мен.
Маяковский маршымен ағындап,
Сөздеріме көрік алдым Пушкиннен.
Мен ғана емес, сенің жыршыл үйіңде
Достарың көп сөйлеген өз тілінде.
Өлеңдері әзірбайжан, армянның
Есігіңді қағып күнде кіруде...
Соның бәрі үндеріңнен от алды,
Аралаттың жырымызға Отанды.
Өр дауысты өлеңі үшін орыстың,
Көтеремін шарап толы бокалды!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу